Баспана дауы: үлескерлер тоқтап қалған тұрғын үй құрлысына алаңдап отыр

16.05.2025 19:39

Халық наразылығын тыңдауға Талғар ауданы әкімдігінің өкілдері де келді

Алматы облысындағы Бесағаш ауылында баспаналы боламыз деген халықтың үміті сөнуге айналды. Халыққа ешкім ешқандай ақпар бермеген. «Далада қаламыз ба?» деп алаңдаған 70-тен аса тұрғын арнамызға хабарласып, көмек сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғын үй кешенінен үй алуға ниеттенген 70-ке жуық салымшы 2022 жылы алғашқы жарнаны төлеп, 2 жылдан соң баспана кілтін алуы керек еді. Алайда кешендегі жұмыс басталмай жатып-ақ тоқтайды. Арада екі жылдан аса уақыт өтсе де, қабырғасы қаланбаған үй жөнінде үлескерлерге ешкім мардымды жауап бермеген көрінеді.

«Восток» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2022 жылы прокуратура қаулысымен тоқтатылған. Өйткені көршілес орналасқан жеке сектор тұрғындары құрылыстың заңсыз екенін айтып, шағым білдірген. Алайда ауылдың бас жоспарында тұрғын үй кешенінің ауласы қызыл сызыққа енбейтіні байқалады.

«Пәтер ақшасын төледік, бірақ үш жылдан бері не баспан, не ақша жоқ. Хабарлассақ ешкім алмайды. Халық жарнаманы көріп, келіп алып тұр. Адал еңбегімізбен тапқан ақшаға алған үйімізге жете алмай отырмыз», – деді Алматы қаласының тұрғыны Айдана Керімқұлова.

«Әлі қолға тимей жатыр. Жасап жатқан ештеңе жоқ, «ішін жасап жатырмыз» деп қояды, оған кіре алмаймыз. Рұқсатын алған шығар», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Нұрлан Нәбиолла.

Жоспар бойынша құрылысы сағызша созылған 9 қабатты кешенде 180 пәтер болуы тиіс. Мердігер компания құрылыс барысын көрсетуден бас тартып, құлып салып, тілшілерді жолатпады. Дегенмен алдағы уақытта құжатын қайта қалыпқа келтіріп, жұмыстың басталатынына сендірді.

«Жұмыс қала құрылысын бақылау басқармасының нұсқамасымен тоқталып тұр. Өйткені нысанның сәулет-жоспарлау тапсырмасы дейтін құжаты қайтарылған. Жақында сол құжаттарды қайтадан алу үшін тиісті әрекет еттік,  Құрылыс бас жоспарға сәйкес жүргізіледі», – деді мердігер компанияның ресми өкілі Расул Закиров.

Халық наразылығын тыңдауға Талғар ауданы әкімдігінің өкілдері де келді. Жергілікті билік пен мердігердің арасында түсініспеушілік туындап, құрылыстың барысына қатысты сұрақтар туындады.

Бесағаш ауылының 2023 жылғы бас жоспары бойынша қазір құрылыс жүріп жатқан тұрғын үй аумағында мектеп салынуы тиіс еді. Алайда мердігерлер 2022 жылыдан бері кешенді жобалап, сатуды бастаған. Ал 2024 жылы елдімекеннің бас жоспары қайта құрылып, көпқабатты үйлер картаға енген.

«Сәулет жоспарлау тапсырмасын беру мемлекеттік қызмет болып табылады, ережеріне сәйкес тапсырылған жағдайда, заң аясында барлығы қарастырылып, тиісті жауабын береміз. Ол 15 жұмыс күнін алады», – деді Талғар ауданы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Дінсұлтан Бейсембек

Бірі қарызға батып, берешек алып, енді бірі бар ақшасын салған тұрғын үй құрылысының қашан басталары әзірге белгісіз. Талғар ауданының Сәулет және қала құрылысы бөлімі уәде еткендей, 15 күннен кейін нысанның тағдыры нақты шешіледі.

Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: +40 градустан жоғары: мамандар ескерту жасады