Баспанамыз басып қалуы мүмкін: Атыраудағы мемлекет қаржысына салынған тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді

19.11.2025 16:25

Талғайран ықшамауданындағы 60 үйдің құрылысына мемлекеттен 1.7 млрд теңге жұмсалған

«Баспанамыз басып қалуы мүмкін». Бұл – Атыраудағы Талғайран ықшамауданы тұрғындарының жанайқайы. Халық осыдан 5 жыл бұрын «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жер үйлерден ипотека арқылы баспаналы болған. Алайда қуанышы үрейге ұласып, бүгінде жұрт жанын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан тыйылған жұрт бір күні үйдің астында қаламыз деп алаңдаулы. Өйткені осыдан 5 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген баспаналар сапасыз болып шыққан. Қабырғадағы жарықшақтардың арасына адам қолы емін-еркін сыйып кетеді. Бөлменің барлығы көгеріп, жиектеріне сызат түскен. Дұрыс салынбаған терезеден үнемі жел соғып тұрады.

 «Түнде үйдің төбеміз сықырлайды. Жарылып, құлайын деп тұрған шығар деп ойлаймыз. Көршілердің үйінің шатыры ұшып кеткен. Қашан ұшып кетеді екен? Қорқып, өмір сүріп келеміз», – деді қала тұрғыны Самал Ахонова.

Ең сорақысы қыруар қаржы салып, баспаналы болған халық «бар тапқанымызды жыртық жамап жатырмыз» деп ашынып отыр. Қараша тіпті үйде бала-шағасын қалдыруға қорқатын күйге жеткен.

«Ас бөлме кері қозғалып бара жатыр. Бес балам бар. Ерекше балама кұтіп керек, көп жағдайда үйде қалады. Ал соңғы күндері  баламды тастай алмаймын. Жұмысқа барам, 4 сағат балам машинада жатады», – деді қала тұрғыны Ақерке Бисембиева.

60 үйдің құрылысына мемлекеттен 1.7 млрд теңге жұмсалған. Бір қызығы шенділер үйді қабылдап алғанда еш мін болмаған деп отыр. Бұған дейін, шырпы басын сындырмаған олар енді комиссия құрып, мәселені майшеммен қарауға кірісіпті.

«Тұрғындардың арызына байланысты қала әкімдігі жанынан техникалық комиссия құрылды. Осы аптада техникалық қадағалау және гидрогеологиялық іздестіру жұмыстары жүргізілетін болады. Нақты шараларды анықтаймыз, соларға байланысты іс-шара жүргіземіз», – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Оңдасынов.

Шыдамы таусылған жұрт енді күте алмайтынын ашық айтып, үнімізді атқарушы билікке жеткіземіз деп тарқасты.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Алматы облысында бір айда браконьерлікке қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды