Ал базар басшылығы «заң шеңберінен шықпадық» деп ақталды
"Базар басшылығы берекемізді алды". Осылай деп базынасын айтып жиналғандар 8 жыл тер төккен сауда орнымнан бір күнде айырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Базарға баса көктеп кірмедік, бәрін баппен бастадық. Сонда да күрең күртеше киген күзеті, камерамызды кес-кестеп кіргізбей қойды. Кейін жиналған жұрттың жартысы әрең есік алдына шықты. Олардың айтуынша, аяқ-асты нәпақа тауып отырған сауда орындарын босат деп базар бастығы пәрмен берген. Бірақ нақты себебін айтпаған.
"Кеше жұмысқа келсем, есіктер жабық. Екі күннен бері жұмысқа шыға алмай жатырмыз. Біз пәтер жалдап тұрамыз, үш балам бар. Несие төлеймін, енді жұмыссыз отырмыз", – деді сатушы Зульфира Ибрагимова.
Шағым айтушылар «саудагерлерді алалап, өз адамдарын қойып жатыр» дейді.
Альмира Әлиева да осы базардан жұмыс бастап, нан өнімдерін өңдеп сатқан. Ол орынды сатып алып, кейін ай сайын жалға алу ақысын төлеп отырған.
"Сегіз жыл бұрын жұмыс бастадым. Базар басшылығы еш себепсіз қуып шықты. Басында түрлі сылтау айтып тисе бастады. Қолымда талон бар, орынды сатып алғанмын. Енді келісімшартты бұзып жатыр", – деді наубайхана әкімшісі Альмира Алиева
Ал базар басшылығы «заң шеңберінен шықпадық» деп ақталды. Олардың айтуынша, базар мен саудагердің арасындағы келісімшартты бұзуға негіз бар. Сондықтан сауда орындарын реттеп жатырқанын жеткізді.
"Белгісіз себептермен жалға алушылар орынды қайтарып берген жоқ. Қоғамдық тамақты мүлдем жойып жатырмыз. Мекемеде жабайы сауда жоқ", – деді «Алатау» базарының заңгері Гауһар Жамаубаева.
Шағымын айтып жиналғандар сотқа арыз жазбақ. Жетісу әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі мен прокуратурасына хат жолдайтынын айтты.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген
Оқи отырыңыз: Жолдың ені 3 метр: Маңғыстаудағы ауыл тұрғындары медігер жұмысына сын айтты