уризм және спорт министрлігі туристік маусымда олқылықтарға жол бермеу үшін еліміздегі негізгі 8 туристік өңірдің дайындығын тексерген
Алматы қаласы туристер ең көп келетін өңірлердің алдыңғы қатарында тұр. Былтыр Қазақстанға 11,1 миллион шетелдік турист саяхаттаса, соның жартысына жуығы Алатаудың баурайындағы алып шаһарды таңдаған. Бұл туралы Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, туристер санының артуына қала инфрақұрылымының дамуы, халықаралық әуе қатынастарының көбеюі және сервистік қызмет сапасының жақсаруы оң әсер еткен. Сонымен қатар туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгеден асқан.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында көтерілген басты тақырып жазғы туристік маусымға дайындық мәселесі болды. Жауаптылардың айтуынша, Қазақстандағы туризм саласы 2025 жылдың қорытындысы бойынша да тұрақты өсім қарқынын сақтап келеді. Ресми статистикаға сәйкес, былтыр елімізге әртүрлі мақсатта 16 миллионға жуық шетел азаматы келген. Оның ішінде 11 миллионнан астам турист Қазақстанның көрікті жерлерін аралау үшін арнайы сапарлаған. Саяхаттаушылар санының артуы сала экономикасына да оң әсер еткен. Нәтижесінде орналастыру орындарының, яғни қонақүйлер мен демалыс аймақтарының жиынтық табысы 350 миллиард теңгеден асқан. Сала өкілдерінің мәліметінше, шетелдік және отандық саяхатшылар ең көп таңдайтын бағыттардың көшін Алматы өңірі бастап тұр.
«Шетелден келетін туристердің жартысы Алматы қаласына ат басын бұрады. Сондықтан туристік хаб ретінде Алматы қаласын қарастыруға болады. Алматы облысы туризмді дамыту бойынша жақсы шаралар қабылдап жатыр. Яғни Қонаев қаласының жағажайларын абаттандыру бойынша, көшпенділер қаласын, Қайыңдыға жолды жасап жатыр. Осындай нақты-нақты шаралардың арқасында ол жақта туристік ағын өседі деген үміт бар», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов.
Ал елдегі туристік аймақтардың деңгейі сын көтере ме деген сауалды арнайы тур ұйымдастыратын компания өкілдеріне қойып көрдік. Олардың айтуынша, Қазақстандағы демалыс орындарында баға мен қызмет сапасы көп жағдайда сәйкес келмейді. Тіпті ел ішінде демалу құны кейде шетелге саяхаттаумен бірдей түседі. Сондықтан көптеген қазақстандықтар қолайлы сервис пен тиімді бағаны таңдап, шетелде демалғанды жөн көреді.
«Инфрақұрылым жағынан төменбіз. Өйткені кей аймақтарда жолдың сапасы нашар, н және дәретхана жоқ, қоқыстың шашылып жатады. Осы мәселені қолға алу керек. Кей аймақтарда халықаралық стандарттағы бағамен сай. Сондықтан елдегі ішкі туризмге, ел адамдарына қымбат. Сондықтан олар шетелге шығуды көздейді», – деді туристік компанияның басшысы Бекжан Қалменов.
Туризм және спорт министрлігі туристік маусымда олқылықтарға жол бермеу үшін еліміздегі негізгі 8 туристік өңірдің дайындығын тексерген. Негізгі назар көлік қатынасының қолжетімділігіне, қауіпсіздікке, санитарлық инфрақұрылымға, жағажайларды абаттандыруға және туристерге сапалы қызмет көрсетуге аударылған. Сонымен қатар курорттық аймақтағы 20,6 шақырым автомобиль жолы 1,8 млрд теңгеге орташа жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, демалыс орындарын сапалы байланыспен қамту мақсатында 5,2 шақырым талшықты-оптикалық желі тартылып, 7 демалыс базасы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Алтын Орда мұрасы: әлемнің жетекші ғалымдары Астанада Қарар қабылдады