Бастығым шақырды: қызметтік көлік апатына қатысты жаңа деректер шықты

Алматы облысында қызметтік көлікпен 77 жастағы зейнеткерді қағып, көз жұмған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында қызметтік көлікпен 77 жастағы зейнеткерді қағып, адам өліміне себеп болған жол апатына қатысты жаңа деректер шықты. Іс бойынша қамауға алынған 26 жастағы жігіттің туыстары көлік тізгінінде басқа адам болғанын алға тартып, арнамызға жүгінді. Олардың сөзінше, сол күні темір тұлпарды жігіттің тікелей жетекшісі, жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы тізгіндеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға 11 тамызда Алматы – Шелек – Қорғас – Байсейіт тас жолында болған. Ресми мәлімет бойынша, 26 жастағы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері қызметтік көлікпен жолға шығып, оны белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған зейнеткерді қағып кеткен. 77 жастағы әйел алған жарақатынан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ресми нұсқада «жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған» деп жазылған. Бірақ істің мән-жайына қатысты күмән келтіріп отырғандар бар. Қамауға алынған жігіттің туыстарының айтуынша, оқиға болған күні оған жұмыстан тыс уақытта басшысы хабарласқан. Жетекшісі шұғыл шақырған соң, бірнеше сағаттан соң қызметтік көлікпен қайғылы жағдай болған.

«Алғашқы жауап алу кезінде ұлым көлік тізгінінде өзі болғанын айтқан. Алайда бірнеше күннен кейін, мені кездесуге әрең кіргізген кезде, ол шын мәнінде көлікті өзі жүргізбегенін мойындады. Оның айтуынша, рөлде Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы болған. Осы жол апатын көрген, естіген адамдардың барлығына өтінішім бар. Егер біреуде сол оқиғаға қатысты бейнежазба болса, бізге көрсетуін өтінем. Көлік тізгінінде шын мәнінде кім болғанын анықтауға көмектессін. Ұлым өте ақкөңіл, әр нәрсеге сенгіш бала. Бастығы не айтса, соны істей береді. Жұмысқа кіргелі осындай жағдайлар жиі болған. Кешкі уақытта, жұмыстан тыс кезде, «мама басшы шақырды» деп шығып кетеді», – деді күдіктінің анасы Салауат Азаматова.

«Тергеуші қылмыстық істі заң жан-жақты, толыққанды обьективті зерттеуге міндетті.  Қазір сұраныс жіберу керек. Бізде не көп, камера көп. Камерамен сол көліктің сол күнге жүрген барлық маршрутты тексеру керек. Цон басшылығының телефонын тексеру керек. Сол кезде сол жерде болды ма жоқ па?» – деді заңгер Ғабит Өмірбек.

Туыстарының күдігін күшейтіп отырған тағы бір жайт - қызметтік көлікте бейнетіркегіштің болмағаны. Олар жол бойындағы бейнебақылау камераларының жазбалары мұқият тексеріліп, көліктің қозғалыс бағыты анықталуы керек деп, қосымша куәгерлер мен бейнетаспаларды іздестіруде. Ал істің ресми нұсқасында апат кезінде көлікте жүргізушіден басқа ешкім болмағаны көрсетілген. Алайда оқиғаға куә болған адамдардың сөзі бұған қайшы. Олардың айтуынша, көлік тоқтағаннан кейін ішінен үш адам түскен.

«Машина қағып кетіп, 80 метрдей жүріп барып тоқтады. Содан кейін қателеспесем, үш есігі ашылды, иә? Бірақ бұл нақты емес, 100 пайыз емес. Ол жерден екі-үш ер адам шықты. Кейін мен жедел жәрдем шақыруға кеттім, келгенімде маған фотосын жіберген ер адам сол жерде болды, ал қалғандарын көрмедім», – деді куәгер.

Осы жайтты нақтылау үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұқтық. Мекеме өкілдері басшылық өкілдерінің денсаулығына байланысты демалыста екенін айтты. Анықталғандай, барлық қызметтік көліктің кіріп-шығуы тіркелуі керек екен. Сол күні темір тұлпардың неге шыққанын ешкім білмеді.

Бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметтік тексеру жүргізгені белгілі. Оның қорытындысы бойынша филиал директоры мен оның орынбасарына тәртіптік жаза қолданылған. Оларға қызметтік көліктің пайдаланылуын тиісті деңгейде бақыламағаны және ішкі ережелерді орындамағаны үшін шара қабылданған. Аталған қызметкерлермен байланысуға тырысқанда басшылар сол күні қызметтік көліктің жөндеуде болғанын алға салып, пәрменнің нақты кім бергенін білмейтінін жеткізді.

Сондай-ақ көлік тізгінінде болуы мүмкін делінген басшымен сөйлесуге тырыстық. Мекеме мәліметінше, ол жол апаты болған күні де, қазір де еңбекке уақытша жарамсыз күйде екен. Ал полицияның ресми мәліметі бойынша, адам өліміне себеп болған жол апатынан кейін оқиға орнынан қашып кеткен 26 жастағы жүргізуші ұсталып, қамауға алынған.

«Еңбекшіқазақ ауданында адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы орнынан жасырынған 26 жастағы жүргізуші полиция қызметкерлерімен анықталып, ұсталды және қамауға алынды», – деді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.

Қазір полиция жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысында көлікті кім басқарғаны, көлікте одан бөлек кім болғаны және жас қызметкердің айтқан сөздерінің шындыққа сәйкестігі анықталмақ.

Марқұмның туыстары да істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр. Олардың айтуынша, кінәлі адам кім болса да, заң алдында жауап беруі керек.

Әйкерім Пернбек, Мейрам Исабеков, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында мектеп оқушысын өлтірген қылмыскер 20 жылға сотталды