Батпаққа құлап қалды: Қаратөбе ауылындағы балалар мектепке бара алмай отыр

09.02.2026 21:09

Тұрғындар әкімдіктен қайыр болмаған соң қалтасынан 25 мың теңге санап беріп, қиыршық тас төсеткен

Алматы облысындағы Қарасай ауданының жұрты 10 жылдан бері тобықтан батпақ кешіп жүр. Қаратөбе ауылындағы көпшілік төрт мезгілде де балшықтан көз ашпайтын болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаратөбе ауылының тұрғындары күн жылып, жер жұмсара бастағанда дәл целлофан киюге мәжбүр. Әсіресе, негізгі жолға дейін шығатын көше көктем мен күзде лай батпаққа айналады. Жұрт адам тұрмақ көліктің қатынауы қиын деп налиды. Себебі, талай мәрте көлік батпаққа батып қалып, сүйреп шығарған.

 «Жедел жәрдем көлігі келмейді, Ақсқалдар бар, ауырады. Әкімге айтсақ, «өздерің жасап алыңдар» дейді. 1-сынып оқитын қызым бар. Үш күн болды сабаққа жібермей қойдым. Батпаққа құлап қалды. Қалай барады? Үлкен жүре алмай жүрміз», – деді Қаратөбе ауылының тұрғыны Талғат Нұрахметов.

Тұрғындар әкімдіктен қайыр болмаған соң қалтасынан 25 мың теңге санап беріп, қиыршық тас төсеткен. Оның өзін «ауылға су кіргіземіз» деген мердігер компания қопарып тастапты.

«Төсеген қиыршыққ тасты 2 жыл бұрын қазып тастады. Су құбыпрын жүргіземіз деген. Бірақ әлі су жоқ», – деді Қаратөбе ауылының тұрғыны Ақерке Ақылбекова

Көпшілік базынасын әкімге талай айтқан. Тіпті өз көзімен көрсін деп, ауылға шақыртқан. Бірақ басшы халық алдына шықпаған. Бүгін де өзі емес, орынбасары келіп, жұртқа апта соңына дейін тас төсеп беретінін айтып, уәдені үйіп-төкті.

«Жұмыс кезең-кезеңмен жүріп келеді. Мердігер компаниямен байланыстамыз. Сөйлесіп отырмыз. Өздерінің жұмысын аяқтағаннан кейін, төсейді», – деді  Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәурен Мұхитдин.

Құрғақ уәдеге тойдық деген қараша жауаптылардың сөзіне күмәнмен қарайды. Олар тас төселмейінше, балаларды сабаққа жібермейміз деп бекініп отыр.

Диана Тұрлыбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Дауыл салдары: Қонаевта бірнеше шағынаудан жарықсыз отыр