Батыс Қазақстанда гонконг тұмауына шалдыққандар саны 150-ден асты

08.12.2025 14:17

Бұлардың ішінде 109-ы — 14 жасқа дейінгі балалар, 12-сі — жүкті әйелдер

Depositphotos

Батыс Қазақстан облысында биылғы 1 қазаннан бастап 48 639 адамның жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) ауырғаны тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 34 592-сі — 14 жасқа дейінгі балалар. Мұның 521-і 1 жасқа толмаған. Сонымен қатар 99 жүкті әйелдің ЖРВИ жұқтырғаны белгілі болды.

Осы кезеңде 154 адамнан тұмаудың А типінің H3N2 вирусы анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,02 есеге өскен. Бұлардың ішінде 109-ы — 14 жасқа дейінгі балалар, 12-сі — жүкті әйелдер.

"Қазіргі таңда облыс бойынша 12 мектепте 32 сынып қашықтан оқыту үрдісін жалғастырып жатыр. Соның ішінде соңғы аптада Сырым ауданы білім ордаларында қашықтан оқушылар саны көбейіп кеткені байқалады. Қазір мұнда 2 мектепте 7 сынып (140 оқушы) онлайн білім алып жатыр. Сондай-ақ Орал қаласында 2 мектепте 3 сынып (66 оқушы), Бәйтерек ауданында 2 мектепте 4 сынып (66), Ақжайықта 1 мектепте 3 сынып (59) қашықтан оқуға көшірілген", — деп хабарлады ведомстводан.

Оқи отырыңыз: Рудныйда бірнеше қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды