Алматыда қазақтың даңқты қолбасшысының құрметіне ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
«Жастарымыз шетелдің жалған батырларына емес, қазақтың нағыз өр тұлғасына еліктеуі қажет. Ал ол рухани тірек – Бауыржан Момышұлы». Бұл – Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының ұлт алдындағы еңбегін ұлықтаған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақтың даңқты қолбасшысының құрметіне өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиылған қауым батырдың өнегелі өмірін, парасаттылығы мен қайсар мінезін, отансүйгіш қасиетін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруді мықтап қолға алу қажет екеніне ден қойды. Бұл тұрғыда бірқатар ғылыми еңбектер таныстырылып, алдағы жоба-жоспарлар сөз болды. Басқосуға келгендердің барлығы «Кеңес Одағының батырына «Халық қаһарманы» атағының берілуі – нағыз тарихи әділдік» екенін алға тартты.
«Батырымыз қашан әділетті атағаны алады?» деп жүргенде Мемлекет басшысы орындады. Президентке, ең алдымен халыққа, рахмет! Бүгінгі шара өте қажет. Атаның артында қалдырған мұрасын жастарға жеткізуді қолға алып жатыр. Бұл – құптарлық нәрсе», – деді Б. Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова
«Мемлекеттік идеологияны күшейте түсу үшін, әлсіреп бара жатқан жастар тәрбиесі мен қазақ жастарының бойындағы патриотизмді бекіту үшін Бауыржан Момышұлының тұлғасы «тірі мысал» десек болады. Жастардың жалған комикс, супермендер емес, нақты тірек бола алатын рухани тұлға керек. Бауыржан Момышұлы – біздің ұғымымызда осындай тұлға», – деді ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай.
Оқи отырыңыз: Құқықтық мәдениет пен цифрлық қауіпсіздік: Алматыда әскери қызметкерлермен кездесу өтті