Биыл тау тұлғалы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды
«Отан үшін отқа түс – күймейсің, Арың үшін алыссаң – өлмейсің». Осылай деп өскелең ұрпаққа өсиет қалдырған тау тұлғалы Бауыржан Момышұлының туғанына биыл 115 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жағымпаздыққа жаны қас, адалдықтың символына айналған Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт дәріс береді. Әскери міндетін өтеуге шақырылып, запастағы командир атағын алады. Ал Қызыл Армия қатарында әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор Панфиловтің басшылығымен Алматы маңында жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметін атқарады.
Сұм соғыс аяқталғаннан кейін 1955 жылдарға дейін Әскери академияда оқытушылық қызмет атқарады. Ол көптеген Кеңес одағының генералдарына дәріс береді. Кейін полковник шенімен отставкаға шыққан Бауыржан Момышұлы біржола шығармашылық жұмысқа ден қояды. Осылай қазақ әдебиетіндегі әскери мемуар жанрының негізін қалады.
«Шерхан Мұртаза «Баукеңді батыр деп қабылдаймыз, ол – тұнып тұрған ақын» дейді. Баукеңнің даналығы халыққа әрқашан да керек. Баукеңнің мұрасы Абайдың мұрасының жалғасы ретінде идеологиямыздың өзегі болғаны өте абзал», – деді «Бауыржан Момышұлы мұрасы: патриотизм және халықтар достығы» жобасының үйлестірушісі Оралжан Масатбаев.
«Ол 30-дан аса том кітап жазып кетті. Бұл – артынан қалған біздерге үлгі-өнеге. Ата-бабасының жерін сақтаған, найзасына үкі таққан қазақтың, батыр көшпенділердің ұрпағымыз ғой. Өсиеті атадан-балаға мирас боп қала береді деп ойлаймын», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Зәуре Ақтамбердиева.
Тарихшы Хангелді Әбжанов Момышұлы қалдырған мол мұра еліміздегі әскери оқу орындарының бәрінде пайдаланылуы тиіс екенін айтты. Қолбасшының мұндай бағыттағы шығармалары Шығыс Еуропа, Орталық Америка елдерінің, тіпті Израильде арнайы оқытылатын көрінеді.
«Бұл мұра несімен қымбат? Бұл мұрада солдат, офицер, генерал туралы және ұрыс, шегініс, қоршауда қалған сәттерден Баукеңнің керемет естеліктері жазылған», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.
Майданда шексіз ерлік көрсеткен полковник Момышұлы екі рет бірінші дәрежелі «Қызыл Ту орденімен, «Ленин» және «Отан Соғысы» «Әскери шайқастағы еңбегі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» орден, медальдарымен марапатталды. Ал 1990 жылы даңқты батыр дүние салғаннан кейін 8 жылдан соң «Кеңес Одағының батыры» атағын иеленді. Ардың, елдiң, жердiң амандығын, бауырдың бүтiндiгiн көксеген бабаларды ұрпағы ұмытпайды. «Ерліктің атаусыз кетуі – халықтың трагедиясы». Бұл - Бауыржан Момышұлының сөзі.
Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Шомылу маусымы: Алматыда қай жерде шомылуға болады