Шомылу маусымы: Алматыда қай жерде шомылуға болады

Мамандар сақтық ережесін естен шығармауды ескертеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қала ішінде және тауға жақын маңда орналасқан 44 су қоймасы бар. Бірақ оның тоғызы қауіпті. Төтеншеліктер баспасөз отырысында шомылуға рұқсат етілмейтін аймақтарды атады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар – Алатау мен Бостандық аудандарының аумағындағы Үлкен Алматы өзені, Бірінші мамыр мен Қарасу шағынауданындағы тоғандар, Аэропорт пен Юннат көлі, Кіші Алматы және Қарасу маңындағы өзендер. Ал рұқсат етілген аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мықтап қолға алыныпты. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар, еріктілер тобы бірігіп, рейд жұмыстарына кіріскен. Былтыр осындай шаралардың арқасында суға түсу ережесін бұзған 6 адамға ескерту жасалып, 7 адам ішімдік ішкені үшін немесе масаң күйде шомылғаны үшін айыппұл арқалаған. Осылай бас-аяғы 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда жазатайым оқиға тіркелмепті.

«Алматы қаласының әкімдігі бекіткен төрт аймақта шомылуға рұқсат бар. Олар – Сайран көлінің батыс және шығыс жағалауы, «Гүлдер» демалыс орны мен «Баум» тоғайының аумағындағы жағажай. Бірақ бұл қоймалар әлі суға толмаған. Сайран көлінің жағалауы былтырдан бері абаттандырлып жатыр. Сондай-ақ Дінмұхаммед Қонаев атындағы Үлкен Алматы көлінде гидротехникалық құрылымдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қуаныш Оспанов

Сондай-ақ былтыр қауіпсіздікті күшейту мақсатында су қоймаларына интеллектуалды камералар орнатылған. Құрылғылар түсірген бейнежазбаларды төтеншеліктер мен құтқарушылар арнайы компьютерлер немесе смартфон арқылы үздіксіз бақылап отырады. Қажет жағдайда шұғыл әрекет етеді. Десе де, мамандар сақтық ережесін естен шығармауды ескертеді.

«Біз тұрғындарды әрдайым құлақтандырып отырамыз. Қоғамдық орындарда, емханалар мен мектептерде, жол бойында тұрған ЛЭД экрандарда қауіпсіздік ережесі жазылған бейнероликтерді көрсетуді де қолға алдық. Судың жағасында балаларды жалғыз қалдырмаңыздар, алысқа ұзамаңыздар, бір-біріңізден көз жазып қалмаңыздар, судың тереңдігін ескеріңіздер. Көпірден, биік жағадан, қайықтан суға секіруге, масаң күйде шомылуға болмайды», – деді Қуаныш Оспанов.

Оқи отырыңыз: Бала қауіпсіздігі: Сәтбаев қаласында бүлдіршіндер ойнайтын алаң тапшы

Новости партнеров