Базарларда жалған мөр соғып, ет сататындарға жаза күшейеді

12.12.2025 21:26

Саладағы өзекті мәселенің бірі - кадр тапшылығы

Базарларда жалған мөр соғып ет сататындарға тықыр таянды. Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдан құжат жасайтындарды қылмыстық жауапкершілікке тартпақ. Ведомство мәселені келесі жылы Парламентте талқыланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Астанадағы базарлардың бірінде тексеруден өтпеген етке жалған мөр басып, сатушыларға заңды айналып өтуге көмектескен 41 жастағы ер адамның ұсталған сәті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сараптамадан өтпеген өнімді сататындардың жазасы 12 мың теңге айыппұл ғана. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдан құжат жасап, заңды белшеден басып жүргендерге жаза күшейтпек. Еш құжатсыз ет саудалайтындар қылмыстық жазаға тартылады.

«Ветеринарияға қатысты заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Оның аясында айыппұл санкциясы күшейтілмек. Бұл саладағы заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу де пысықталып жатыр. Өйткені, адамдар 3 айлық есептік көрсеткіш сомасындағы айыппұлдан қорықпайды. Сондықтан жауапкершілікті күшейту керек, себебі мәселе халықтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Вице-министрдің ауылдағы ветеринар мамандарға ұнайтын жаңалығы да бар. 2027 жылы қаңтардан бастап олардың жалақысы өседі. Күні-түні төрт түліктің артында жүрген мал дәрігерлері 400 мың теңгенің үстінде айлық алмақ.

«Біздер осы заңға енгіздік. Республикалық бюджеттен 22 миллиард теңге алдық 2027 жылы 1 қаңтардан бастап төленеді», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Төрт түлікте кездесетін түрлі ауруларға өзіміздің ғалымдар вакциналар жасап шығарып жатыр. Олар инфекциялық аурулардың алдын алатын және емдейтін препараттар ойлап табады. Жалпы, министрлік сатып алатын 22 екпенің 18-і отандық болса, тек төртеуі ғана шетелден әкелінеді. Елде өндірілген вакциналардың нарықтағы бағасы 400-500 теңге.

«Қазақтың төрт түлігінің бірі – жылқыға арналған профилактикалық препарат яғни, вакцина жасап шығарды. Сондай-ақ қойлардың сальмонельозді ауруларына биыл 3 түрлі вакцина қазақ нарыққа шықты», – деді Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты бас директорының орынбасары Айнұр Нұрпейісова.

«Зауытта күйіс қайыратын малдардың аусыл вирусына қарсы вакцина шығарылады. Оның эмульсияланған және сорбцияланған екі түрі бар. Біз биыл Ауыл шаруашылығы министрлігіне екі рет жеткізіп бердік. Жалпы 18 миллионнан астам доза шығарылды», – деді Биофармацевтикалық зауыттың сапаны бақылау бөлімінің басшысы Назым Есімбекова.

Министрлік салада күрмеуі шешілмеген проблемалар барын жасырмайды. Мәселен, алыстағы ауылдарда ветеринариялық пунктер жоқ. Мамандар малдарға уколды қора жағалап салып жүр. Тіпті дәрілерді үйінде сақтайды. Шаруашылықтарға қатынайтын көлігі де жоқ. Сондықтан да ведомство  мұндай мамандыққа жастардың жоламайтынын айтып отыр.

Саладағы өзекті мәселенің бірі - кадр тапшылығы. Сенаторлар мамандардың жүктемесі көп деп отыр. Олардың айтуынша, кей аймақта бір ветмаман 2 жарым мың малға жалғыз қарайды. Яғни, тапшылық 25-30 пайызға жетіп отыр. Ал ел бойынша 11 жоғары оқу орны маман даярлайды. Бірақ одан қайыр жоқ. Жастар саланың маңына да жоламайтын көрінеді. Сондықтан министрлік университеттерге талапты күшейтпек.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Су басуы мүмкін: Қызылорда облысында 31 елдімекен қауіпті аймақта