Бейжің төрінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы орай мәдени кеш өтті

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Көрермен назарына Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрінің орындауындағы шығармалар ұсынылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аспан асты елінің астанасында қазақ саз өнерінің сайыпқыраны, композитор, дирижер, Қазақстанның Халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық мәдени кеш өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мерейтой аясында Бейжіңнің орталық концерт залында «Әлқисса» атты шығармашылық бағдарлама ұйымдастырылып, кеш барысында қазақтың біртуар сазгерінің өмірі мен шығармашылығына арналған музыкалық туындылар орындалды.

«Нұрғиса Тілендиев – қазақ руханиятының алтын қазығы. Оның мәңгілік әуендері — халқымыздың жүрегінде сақталған ұлттық кодтың бір бөлігі. Ұлы тұлғаның ғасырлық мерейтойының Бейжіңде аталып өтуі – Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың, өзара құрмет пен мәдени байланыстардың биік көрінісі», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Ресми бөлімнен кейін шығармашылық кеш жалғасып, көрермен назарына Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрінің орындауындағы шығармалар ұсынылды. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгердің қызы Дінзухра Тілендиева дирижерлік етті.

Сонымен қатар сахна төрінде дәулескер күйші, Қазақстанның халық артисі Секен Тұрысбек, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Әшіров пен Мадина Сәдуақасова, сондай-ақ Алматы облысының өнерпаздары өнер көрсетті. Шара аясында қазақтың дәстүрлі қолөнері мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрмесі де ұйымдастырылды.

«Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы – жүрекке жететін шын өнер. Күй мен әуен арқылы туған елдің рухы мен болмысы сезілді. Қытайда туып-өссем де, қазақ болып туғаныма тағы бір мәрте мақтандым», – деді Бейжің қаласының тұрғыны Қаламқас Серікқызы

Айта кетейік, ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан мерейтой аясында Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын насихаттауға бағытталған халықаралық шаралар жыл бойы жалғасады.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер қаражаты есебінен Жамбыл облысында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталды

Новости партнеров