Олар әлеуметтік желіде жарнама жүргізіп, азаматтарды арнайы сілтемелер арқылы тіркелуге шақырған
«Бейнеролик көр де, жоғары табыс тап!» Осылай әккі айланы қолданған қаржы пирамидасына сот үкімі шықты. Тергеу мәліметінше, күдіктілер алаяқтық схеманы «WornerBros» платформасы арқылы іске асырған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Олар әлеуметтік желіде жарнама жүргізіп, азаматтарды арнайы сілтемелер арқылы тіркелуге шақырған. Жобаға қатысу үшін құны 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейінгі VIP-пакеттердің бірін сатып алу талап етіпті. Ал салымшыларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс табуға болады деп уәде берген. Сот барысында бұл жүйенің қаржы пирамидасы екені дәлелденді. Оңай олжаға кенелуге шақырғандар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Әрбір жаңа қатысушы үшін бонус төленіп отырған, бұл азаматтарды жүйеге тұрақты түрде тартуға ынталандырған.Схеманы насихаттау үшін WhatsApp топтары, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған. Тергеу барысында салымшылардың қаражатын жинақтау және аудару үшін қолданылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен 3 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Алматыда пәтер ұрлығының саны шамамен төрттен бірге азайды