Облыста толыққанды жұмыс істеп тұрған жалғыз «Жайсаң» бекетінен күніне 300 көлік қана өтеді
Шекарадағы ұзын-сонар кезектің кесірінен ақтөбелік жүк тасымалдаушылар қып-қызыл шығынға батуда. Қазір облыста толыққанды жұмыс істеп жатқан тек «Жайсаң» кеден бекеті ғана. Сол себепті Ресейге өту үшін жүргізушілердің бірнеше күн кезекте тұруына тура келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі.
Бірнеше шақырымға созылған кезек «Жайсаң» шекара бекеті үшін қалыпты жағдайға айналған. Жүк көліктері бұл жерде апталап тұрады. Күн өткен сайын тауардың бұзылу қаупі артып, шығын көлемі көбейетіні анық. Оған қоса құжат толтыру жағы да көп уақытты алады. Ал ең сорақысы тапсырыс берушімен арадағы келісімшарт бұзылып, айыппұл салынады.
«Бізде тендер ғой. Тауарды айтылған уақытында жеткізіп беруіміз керек. Мысалы 10 күн дейік. Шекарадағы жағдайды ешкім ескермейді. Кешіксек қаржының 10 пайызын ұстап қалады. 50 миллион теңгеге келіссек, оның он пайызын жоғалттық деген сөз. Шығынға шаш етектен батып жатырмыз», – деді көлік компаниясының директоры Гүлнұр Есенқұлова.
Мамандар бұл мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынуда. Біріншіден, жүк көліктерін өзге шекара бекеттеріне теңдей бөлу. Облыста толыққанды жұмыс істеп тұрған жалғыз «Жайсаң» бекетінен күніне 300 көлік қана өтеді. Бұл транзиттік аймақ үшін өте аз. Сондықтан жүк көліктерін басқа кеден бекеттеріне жіберу керек.
«Шекара қызметі өкілдерінің айтуынша «Әлімбет» деген бекет бар. Ол жерде жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанына қарамастан, күніне 50 көлікке дейін өткізуге болады.. Сондай-ақ «Әйтекеби» ауданында да өткізу бекеті бар. Ресейге баратын көліктерді ол аймаққа да жіберуге болады», – деді «Атамекен» ҰКП облыстық филиалы директорының орынбасары Руслан Құйшынов
Алайда мәселе мұнымен шешілмейді. Ресей жағында да кедергілер бар көрінеді. Мамандар «Сагарчин» шекара бекетінде жол тек екі жолақтық екен. Ал біздің тарапта сегіз жолақ. Кептелістің туындауына бұл да – бір себеп. Сондықтан қазақстандық тарап көршілерге бекеттегі жолдарды жаңғыртуды ұсынып көрмек.
Асыл Махметов, Наталья Лаврентьева, Алихан Молдабек, Актобе
Оқи отырыңыз: Салықтарды бірыңғай төлем жүйесіне көшіру қажет - сарапшы