Beles Almaty 2025: ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар марапатталды

22.12.2025 15:36

Басқосуға қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, спортшылар мен жаттықтырушылар қауымын жетістіктерімен құттықтады

«Beles Almaty 2025» жылдың спорттық жетістіктері қорытындыланып, ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларға құрмет көрсетілді. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өткен салтанатты жиында 26 аталым бойынша үздіктер марапатталды. Басқосуға қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, спортшылар мен жаттықтырушылар қауымын жетістіктерімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеште қала басшысы Алматының сала дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталып, мегаполистің бұқаралық және кәсіби спорттық жетістіктерін атап өтті. Дархан Сатыбалды биылғы жетістіктерді тілге тиек етіп, келер жылы жүзеге асатын жаңалықтарды атап өтті.

«Алматылық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда жарқын жеңістерге жетіп, жүлделі орындарды иеленіп «Алматы – чемпиондар қаласы» деген мәртебені тағы бір рет дәлелдеді. Қазіргі таңда қаламызда спортты ұзақ мерзімді дамытуға арналған ауқымды жобалар жүзеге асуда. Келешекте Алматы арена, Халық арена, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Орталық стадион және Сұңқар халықаралық трамплиндер кешені толық жаңғыртудан өтетін болады», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Биыл Алматы спортшылары халықаралық ареналарда ел абыройын асқақтатып, республикалық жарыстарда үздіктер қатарынан көрінді. Спорт инфрақұрылымдары да жылдан жылға жаңғырып, жаңа нысандар салынып жатыр.

«Жыл табысты болды. Өздеріңіз білетіндей, «Қайрат» командасы Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанды, бұл – бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға. Команда үнемі дайындық үстінде. Сондай-ақ Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуіміз де ел үшін тағы бір маңызды жеңіс деп айтсақ болады. Еуропаның үздік 36 командасының қатарында өнер көрсету бұйырғанына қуаныштымыз!» – деді «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин.

Салтанатты іс-шара барысында үздік спортшылар мен жаттықтырушылар түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Құрмет грамоталары мен сыйлықтарды Алматы әкімі, қалалық мәслихат төрағасы және Спорт басқармасының басшысы табыстады. «Ең белсенді тұрғын» аталымы бойынша Медеудегі денсаулық баспалдақтарын 3 жылдан бері бағындырып жүрген 75 жастағы ақжаулықты әже Фарида Байболова үздік атанды.

«Ұйымдастырып жүрген балаларға, мың да бір рақмет. Мен осындай жерге келем деп еш уақытта ойламадым. Салтанат қызым Медеуге көтеріліп бара жатқан кезде тиктокқа түсіріп, бір күнде танымал болып шыға келдім», – деді жеңімпаз Фарида Байболова.

Бүгінде Алматыда 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. «Медеу» биік таулы спорт кешені жаңарып, қалада 45 мың орындық жаңа стадион бой көтермек. Бұл нысандар болашақ чемпиондардың қалыптасып, ел абыройын асқақтататын спортшыларды қолдауға бағытталмақ.

Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Бектенов XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері мен жаттықтырушыларына наградалар табыс етті