Оларға медициналық, психологиялық, педагогикалық және құқықтық қызметтер тегін көрсетіледі
Алматыда зейнет жасындағы жандардың уақытын тиімді өткізуіне арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар. Онда қарт кісілерге медициналық және әлеуметтік қызмет тегін көрсетіледі. Мұнымен қоса, азаматтар би, вокал, қазақ және ағылшын тілдері, шахмат, тоғызқұмалақ, бейнелеу өнері сияқты түрлі үйірмелерге қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зейнеткер Бақытжан Әлімбаева белсенді ұзақ өмір сүру орталығына 1 жылдан бері келеді. Қала тұрғыны мұнда ән, би үйірмесіне қатысып, шет тілін үйренеді. Осы уақыт аралығында достар да тауыпты.
«Зейнетке шыққан адамдарға өте қызық. Талай жерге апарады. Қызықты іс-шаралар өтіп тұрады. Біз өзімізді ортадан кетті деп санамаймыз. Өте белсенді, қызығып келіп тұрамыз. Осындай орталықтар көптеп ашылуын өалаймыз», – деді қала тұрғыны Бақытжан Әлімбаева.
Аталған орталықта зейнеткерлерге медициналық, психологиялық, педагогикалық және құқықтық қызметтер тегін көрсетіледі. Жалпы саны 10-нан астам үйірме бар.
«Орталықта тіпті, отбасылық жұптар да құрылады. Мұнда өмір қыз-қыз қайнап жатыр. Біз би, йога, спорттық гимнастика, скандинавиялық жүріс, шахмат, үстел теннисімен айналысамыз. Наурыз мерекесіне, 8 наурызға арнайы бағдарламалар дайындадық. Би үйреніп, костюмдер тігіп, үлкен дайындық жасадық», – деді белсенді ұзақ өмір сүру орталығының маманы Вера Каширина.
Айта кетейік, белсенді ұзақ өмір сүру орталығына күн сайын 100-ден астам зейнеткер келеді. Олар тек ғимарат ішінде ғана емес, тұрақты түрде түрлі экскурсияларға шығады. Қызмет алушылар театрға, музейге, концерттерге және қаланың өзге де мәдени орындарына тегін барады.
Диана Тұрлыбек, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда жерлеу орындарының электронды базасы іске қосылды