Берденовтың соты: күдікті 11 жыл 3 айға түрмеге жабылуы мүмкін

18.08.2025 19:50

Жиембай бұл қадамға шенеунікті қорқыту үшін барғанын айтты

Әкімдік алдында оққа ұшқан шенеунік Руслан Берденовтің ісіне қатысты сот жарыссөзі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ернар Жиембай 11 жыл 3 айға түрмеге жабылуы мүмкін. Прокурорлар сотта күдіктіге дәл осындай жаза тағайындауды сұрады. Айыптаушы тараптың сөзінше, 31 жастағы азамат Берденовтің өміріне қасақана қастандық жасаған.

«Сотталушы Жиембайдың аса ауыр қылмыс жасағаны, яғни адамды қасақана өлтіруге оқталғаны сотта өз дәлелін тапты деп есептеп, сізден сотталушы Ернар Жиембайды ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деді прокурор Бауыржан Қараманов.

Жәбірленуші жақ прокурорлардың сұраған жазасымен келіскен жоқ. Олар істі «өзге адамдардың өміріне қауіп төндірген әрекет» деп бағалау керек дейді. Ал сотталушы тарап болса, ұсынылған үкімге үзілді-кесілді қарсы шықты. Ернар Жиембайдың адвокаты, күдіктіні түрмеге жаппайтын жаза беруді сұрады.

«Қорғауымыздағы Жиембайға қатысты оның іс-әрекетін, жасаған іс-әрекетін саналы түрде жасап, аяқтаған қылмыс есебінде, ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігімен саралап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймыз», – деді күдіктінің адвокаты Есбол Әбдірахманов.

Еске түсірсек, 21 сәуірде әкімдік алдында атыс болып, қала басшысының орынбасары жараланған. Оқиғаның басты күдіктісі ретінде «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының бұрынғы басшысы Ернар Жиембай ұсталып отыр. Ол  шабуыл жасағанын мойындады, бірақ «өлтіру ниеті болмағанын» айтты. Ал жараланған экс-депутаттың сөзінше, алғашқы оқ тура басына бағытталған.

«Жиембай бірінші оқты басыма атты. Мен отырып үлгердім. Одан кейін, артымнан 4 рет атты», – деді жәбірленуші Руслан Берденов.

Ал күдікті Жиембай бұл қадамға шенеунікті қорқыту үшін барғанын айтты. Ол тіпті сот залында Руслан Берденовтен бірнеше мәрте кешірім де сұрады.

«Ісімді ешқашан дұрыс деп айтпаймын. Жас ұрпақ та, көрген әрбір азамат бұл нәрсені қайталамауын өтініп сұраймын. Әйеліңізбен ұрыссаңыздар, қандай жағдай болса да, ажыра салыңыздар. Осылай болды енді. Қазір темір тордың ішіндемін», – деді күдікті Ернар Жиембай.

Тараптар соңғы сөзін айтты. Енді түпкілікті үкімді сот шығарады.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Еркек болсаң, әйеліңді араластырмас едің: Берденов сотта өзіне оқ атқан күдіктіге шүйлікті