Жәбірленуші Руслан Берденов айыпталушымен тек 2 рет ресми кездескенін айтты
«Қолыңмен істегенді, мойныңмен көтер». Әкімдік алдында оққа ұшқан шенеунік Руслан Берденов бұл сөзді өзіне оқ атқан Ернар Жиембайға айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шымкентте атышулы іс бойынша соңғы тергеу процесі өтті. Ақырғы куәлікті жәбірленушінің өзі берді. Ол сотқа тағы да келе алмады. Десе де, онлайн байланысқа шығып, болған жайтты егжей-тегжей баяндады. Тіпті айыпталушымен тікелей сөйлесіп, оны кешірмейтінін жеткізді.
«Сен бұл әңгімеге ер жігіт болсаң, өзіңе бала туып берген әйеліңді сасық әңгімеге қоспайтын едің. Бұл ер жігіттік емес. Осы нәрсені өзің ары қарай ойлан. Қолыңмен жасадың ба, еркек болсаң, басыңмен көтеруің керек», – деді жәбірленуші Руслан Берденов.
Жәбірленуші Руслан Берденов айыпталушымен тек 2 рет ресми кездескенін айтты. Ал үшінші жүздесуінде ол шабуылға ұшырапты. Шенеуніктің сөзінше, Жиембайдың жұмысына қатысты шағымдар түскендіктен, оны есеп беруге шақырған. Бірақ айыпталушы дайындықсыз келген көрінеді. Сол жиында Берденов оның сырт келбетіне, яғни киім үлгісіне де ескерту жасағанын жасырмады.
«Оның үстіне мен сұрақ қойған кезде, Асанбай инспектор оған не айту керек екенін түсіндіріп жатты. Екеуі менің кабинетімде дауласып кетті. Одан кейін мен Жиембайға қарадым да "Мынау түріңмен сенімен жұмыс істесе алмаймыз" дедім. Сол кезде Жиембай "керек болса, жұмыстан шыға аламын?" деді. Сосын " онда жұмыстан шыға сал" деп. Сонымен жиналыс бітті», – деді жәбірленуші Руслан Берденов
Айта кетейік, сот отырысы мұнымен біткен жоқ. Түскі үзілістен соң жарыссөз кезеңі қайта жалғасады. Онда мемлекеттік айыптаушылар күдікті Ернар Жиембайға тағайындалатын жаза мерзімін сұрайды.
Оқи отырыңыз: Астана маңында жекеменшік ұшақ құлап, екі адам қаза тапты