Шаруалар жыл басында мемлекеттік қолдауға сеніп, банктен 22 пайызбен несие алған
Түркістан облысында 4 мыңнан астам шаруа қожалығының өкілдері ауыл шаруашылығын дамытуға алған несиесін уақытылы қайтара алмай отыр. Себебі, несие бойынша мемлекеттік субсидия бес айдан бері төленбеген. Қазір облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының берешегі 9 млрд 800 млн теңгеге жетіпті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Шаруалар жыл басында мемлекеттік қолдауға сеніп, банктен 22 пайызбен несие алған. Ал келісім бойынша оның 16 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялануы тиіс еді. Алайда бұл міндеттемелер уақытында орындалмаған. Соның салдарынан шаруалар банк алдында берешек болып, ай сайынғы төлем мөлшері артып келеді.
«Үш ай болды, маған күн сайын хабарласады. “Үстіндегі субсидияның ақшасын күнде құясың” дейді. Олай болғанда, мен кепіл тікпей-ақ 20 млн теңгені алар едім. Біз малды сатып тауыстық, енді екі рет сатсақ, мал таусылады», – дейді шаруа Арман Тұрлыбеков.
«Қазір чатта 120 адам бар. Соның бәрі күйініп отыр. Проценттері өсіп жатыр. Төлей алмай жатқан адам қаншама. Менің өзімде де 600 мың теңгеге процент қосылып тұр. Ай сайын төлейтінім бар. Бұл сома шаруаларға ауыр. Егер субсидия берілмесе, мал шаруашылығы кері кетеді. Малдың бәрі сатылады. Банкротқа болады», – дейді шаруа Асқар Қабылов.
Шаруалардың жанайқайын естіген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері мәселе қаржы тапшылығынан туындағанын мойындады. Олардың айтуынша, биыл несие алушылардың саны күрт көбейіп, жоспарланған қаражат жыл ортасына жетпей таусылып қалған.
«Қазір өзімізде 500 миллион теңге қаражат бар. Соны төлейміз. Содан кейін қосымша қаржы сұратып жатырмыз. Үстемақының өсуіосы уақытқа дейінгі емес, кейінгі қазан айына тиесілі болуы мүмкін. Ал сол уақытқа дейін түскен барлық өтінім толық төленген», – деді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жорабек Жолдасбеков.
Қазір облыстық басқарма республикалық бюджеттен 9 миллиард 800 миллион теңге бөлу жөнінде өтінім берген. Қаржы мақұлданған жағдайда шаруалардың несие мөлшерлемесіне субсидия қайта төленеді деп жоспарланып отыр. Дегенмен қаражаттың қашан түсетіні әзірге белгісіз.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі бағаның тұрақтылығына және өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударды