Бес қару: Алматыда әскери-патриоттық ойын өтті

Биылғы доданың маңыздылығын арттыру үшін іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда айбынды жастардың басын қосқан дәстүрлі «Бес қару» әскери-патриоттық ойыны биыл да жалауын желбіретті. Спорттық-жаттығу кешенінде жиналған жүздеген студенттің мақсаты бір – қайсарлық пен төзімділіктің нағыз үлгісін көрсету, деп хабарлайды  Almaty.tv

Биылғы доданың маңыздылығын арттыру үшін іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл әскери-патриоттық ойын – ел ертеңі болар ұландардың отансүйгіштік рухын шыңдайтын үлкен мектеп.

«Қатысушылар биатлон 8 бағытта жұмыс жасайтын болады. Бұл 8 бағыттың ішінде әскери тапсырмалар,спорттық дайындық бойынша және оқу-ғылыми тесттерге жылдам жауап беру арқылы, әскери жаттығуларды тез, жылдам тапсыру арқылы сынайды. Осы жерде 100-ден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтайтын боламыз», – деді ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясы жедел іздестіру қызметі кафедрасының бастығы Азамат Шидемов.

«Турнирдің маңызы ерекше. Олар жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, туған жерге деген жауапкершілікті арттырады. Отанды қорғау үшін міндетті түрде батыр болудың қажеті жоқ, өз қалаңа, еліңе адал, жауапты азамат болу жеткілікті. Біз жастарды осындай турнирлерге белсенді араласуға шақырамыз», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Рустам Қайрыев.

.Дүбірлі додада бақ сынаған 8 команданың қатарында Ішкі Істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметі академиялары мен Құрлық әскерлері институтының курсанттары, сондай-ақ студенттер болды. Қатысушылар тактикалық кезеңдер мен күрделі спорттық сынақтарда нағыз командалық бірлікті паш етті. Алматы академиясының білікті мамандары төрелік еткен жарыс салауатты өмір салтын насихаттап, студенттік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. ¤

«Біздің команда жарысқа тыңғылықты әрі ұзақ дайындалды. Жаттығулар күш-жігерді талап ететін режимде өтті. Қазір команданың рухы көтеріңкі, өзімізге сенімдіміз. Жеңіске жетуге барымызды саламыз, ал қарсыластарымызға әділ ойын мен сәттілік тілейміз», – деді ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының курсанты Әділет Алмабаев.

Оқи отырыңыз: Жаттығу кезінде омыртқасы сынған жасөспірімді алматылық дәрігерлер аман алып қалды

Новости партнеров