Бес жылдан бері қаңқасы тұр: Жамбыл облысында иппотерапия орталығының құрылысы неге тоқтап қалды

12.11.2026 16:10

Жамбыл облысында 45 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат тұрады

Жамбыл облысында мүгедектігі бар тұрғындарға арналған иппотерапия орталығының құрылысы тоқтап тұр. Бес жыл бұрын басталған әлеуметтік нысанның қаңқасы ғана қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жамбыл облысында 45 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат тұрады. Алайда арнайы ғимарат болмағандықтан мүмкіндігі шектеулі жандар тек жазда атқа міне алады. Өңірдегі жылқымен емдеу әдісін маусымға тәуелсіз ету үшін 2021 жылы иппотерапия орталығының құрылысы басталған. Инвестор екі қабатты ғимаратты бір жылда аяқтауы тиіс болған. Алайда жабық манеж жобасы жарты жолда қалып қойды. Қазір нысанның құр қабырғасы қалған.

«Соңына дейін жеткізіп, пайдалануға беремін» деген кәсіпкерлердің уәдесі желге ұшты. Табыс табу үшін емес, дене мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын оңалту үшін жасалған үлкен жұмыстың шеті болатын еді», – деді қоғам белсендісі Исламбек Дастан.

Демеуші бастаған сақалды құрылысты әкімдік өз теңгеріміне алған. Сөйтіп оны аяқтау үшін 1,1 миллиард теңгенің жобасын әзірлепті. Алайда 3 жыл бойы қажетті қаржы бөлінбей, жобалық құжаттың мерзімі де өтіп кеткен. Енді қала билігі қайта жоба жасамақ. Алайда ендігі құрылыс құны 1,8 миллиард теңге болмақ.

«Қаржы тапшылығына байланысты облыстық бюджетке ұсынғанбыз. Бірақ қолдау таппай тұр. Үлкен жобаларымыз бар. Оларға қаражат бөліп, артылып жатса, осы құрылысты бастауды жоспарлап отырмыз», – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев.

Әу баста құрылысқа қаржы салған кәсіпкер ойынан айнып қалған. Сондықтан қала билігі республикалық бюджетке қол жаюға мәжбүр. Алайда жобаның қашан қолдау табары белгісіз.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай,Тараздан

Оқи отырыңыз: Көмір тапшылығы бола ма: Алматы облысында жауапты басқарма қатты отынның бағасын бақылауға алды

 

Толық көрсету