Жүксіз де, ақшасыз да қалмаңыз: полиция логистика саласындағы алаяқтардан сақтандырады

22.12.2025 09:30

Depositphotos.com

Азаматтар автокөліктер мен түрлі жүктерді логистикалық платформалар арқылы жөнелту кезінде алаяқтардың арбауына түсіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тапсырыс берушілер мен автовоз жүргізушілері көлік пен жүк тасымалдау туралы хабарландыруларды көбіне Алматы қаласы мен Алматы облысынан еліміздің өзге өңірлеріне бағыттап, танымал сервистерге орналастырады. Осыдан кейін оларға WhatsApp мессенджері арқылы алаяқтар хабарласады.

Алаяқтар тапсырыс берушілерге өзін автовоз жүргізушісі ретінде, ал жүргізушілерге тапсырыс беруші болып таныстырады. Екі тараптың да сеніміне кіргеннен кейін жүк тасымалдау жөнінде келісім жасайды. Қала сыртқа шыққан соң қылмыскерлер ұрланған жүктi басқа көлікке қайта тиеп, кейін оны өз қалауынша иемденеді.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарға жүргізушінің жеке куәлігін және көлік құжаттарын мұқият тексеруді, пайдаланылып отырған телефон нөмірін хабарландыруда көрсетілген нөмірмен салыстыруды, қозғалыс бағыты мен жүктің соңғы жеткізу нүктесін алдын ала жеке талқылауды, сондай-ақ жүргізуші туралы интернеттегі пікірлерді зерделеуді ұсынады.

Егер күмән туындаса, құжаттарда сәйкессіздіктер анықталса немесе басқа да күдікті жайттар байқалса, қызметтен бас тартып, дереу 102 нөміріне хабарлау немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жүгіну қажет. Бұл алаяқтық схемаларды дер кезінде анықтауға және қылмыскерлерді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.