Тауға шығар алдында маршрутты 112 қызметі немесе ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелері арқылы міндетті түрде тіркеу қажет
Жаз мезгілінде таулы аймақтарда демалушылар саны айтарлықтай артады. Осыған байланысты қауіпсіздік мәселелеріне және құтқару бөлімшелерінің дайындық деңгейіне ерекше назар аудару қажет, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Туристердің таулы аймақтардың шалғай учаскелерінде және Алматы облысына іргелес аумақтарда қауіпсіздігін арттыру мақсатында алғашқы медициналық көмек қобдишаларымен, мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған станциялармен, жылы көрпелермен және ұзақ сақталатын азық-түлік қорымен жабдықталған 18 тау лашығы орнатылды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта төрт бақылау-құтқару пункті жұмыс істейді, олардың екеуі өткен жылы пайдалануға берілді. Бұл жекелеген туристік бағыттарда зардап шеккен туристерге көмек көрсету уақытын айтарлықтай қысқартып, үш-төрт сағатқа дейін жеткізуге мүмкіндік берді.
Жазғы маусымға орай Алматы қаласының аумағында екі кәсіби құтқару бөлімшесінің - ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы мен Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің толық дайындығы қамтамасыз етілді. Таулы аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге 194 құтқарушы, 60 бірлік техника және екі тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар, іздестіру-құтқару жұмыстарына Альпинизм федерациясы мен Ерікті құтқару қызметінің еріктілері де қосымша қолдау көрсетеді.
ТЖМ азаматтарға тауға шығуды алдын ала жоспарлауды, маршрут пен ауа райы жағдайын мұқият зерделеуді, тексерілген гидтердің қызметін пайдалануды, тауға жалғыз шықпауды және өз бағыты туралы жақындарына міндетті түрде хабарлауды ескертеді. Тауға шығар алдында маршрутты 112 қызметі немесе ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелері арқылы міндетті түрде тіркеу қажет. Бұл төтенше жағдай туындаған кезде іздестіру уақытын едәуір қысқартып, зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігін арттырады.
Оқи отырыңыз: Алматыда 29 маусым мен 5 шілде аралығында ауа райы қандай болады