Биіктікті бағындырған бұрымдылар: Алматыда 100-ге жуық әскери әйел парашюттік даярлықтан өткен

04.03.2026 17:00

Олар халықаралық додаларда Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүр

Алматылық нәзік жан парашютпен 1700-ге жуық рет секіріп, көк жүзінде еркін қалықтап жүр. Әуе кеңістігін бағындырған әскери қызметші өз тәжірибесінде 3,5 мың метр биіктікті де еңсерген. Батыл бұрымдының айтуынша, дайындық барысы ерлермен тең дәрежеде өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Айта кетейік, шаһарда Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүрген жүзге тарта әскери қызметші әйел биіктен қалықтап түсу машығын меңгерген. Олардың алтауы – Парашюттік даярлық орталығының мамандары.

Римма Рамазанова – Қазақстан Қарулы күштері парашюттік даярлық орталығының сержанты. Көк жүзін серік еткен арудың аспан әлеміне деген қызығушылығын нағашы әпкесі оятыпты. Осылайша 25 жыл ғұмырын әскери қызметке арнап, биіктен қалықтауды өмірлік жолына айналдырған. Қазір батыл жанның еншісінде 1700-ге жуық әуе секірісі бар. Оның бағындырған ең биік межесі - үш жарым мың метр.

«Көк аспанға деген сүйіспеншілігім кішкентай қадамдардан басталды. Әрбір секіріске дайындалу, қорқынышпен бетпе-бет келу адамға ерекше сезім сыйлайды. Сондай-ақ өзіме алғашқы секірістен гөрі, екінші рет әуеде қалықтаған сәтім ыстығырақ. Себебі сол жолға бойыңдағы үрейді жеңіп, саналы түрде барасың. Өмірімде парашют өте төмен биіктікте ашылған кездер де болды. Сол сәтте бұл істің қаншалықты қауіпті әрі жауапкершілікті талап ететінін сезінесің», – деді әскери парашютші Римма Рамазанова.

Римма Рамазанованың ізімен әуе кеңістігін бағындыруды мақсат еткен батыл бұрымдылардың бірі – Маржан Сайрамова. 2020 жылы медициналық колледжді тәмамдап, еңбек жолын қарапайым балабақшада медбике болып бастаған. 2022 жылы ақ халатты абзал жан  №61/993 әскери бөліміне қызметке қабылданады. Ал былтырдан бастап Қарулы күштердің парашюттік даярлық орталығында нұсқаушы болып жұмыс істейді. Бүгінде ол әуеден 100-ге жуық секіріс жасап үлгерген.

«Алғашқы секіріс тез өтіп кетеді. Қалай шыққаныңды, қалай жерге жеткеніңді есіңде сақтай алмайсың. Себебі сен үшін жаңа туынды ашылғандықтан, ұсақ бөліктеріне назар аудара бермейсің. Ал екінші секіріске келсек, қайда бара жатқаныңды, қалай болатынын білгендіктен,ыныш пайда болады», – деді Парашюттік даярлық орталығы жедел ден қою бөлімінің спортшы нұсқаушысы Маржан Сайрамова.

 Қарулы күштер қатарында көк жүзін бағындырған арулар мұнымен шектелмейді. Алматының өзінде 100-ге жуық әскери қызметші әйел биіктен қалықтап түсу машығын жетік меңгерген. Олар халықаралық додаларда Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүр.
Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Жолда сақ жүріңіз: Алматыда жаңа жүйе іске қосылды