"Ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрпымызды берік сақтап, тәрбиені бірінші орынға қоюымыз керек". Зиялы қауым өкілдері осылай дейді. Олардың айтуынша, соңғы уақытта әдептен озып, ұлттық мәдениеттен мақұрым болып бара жатқан жастар көбейіп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету бала кезден қалыптасатын қарапайым әдет. Зиялылардың айтуынша, кез келген адамның тәрбиесі сәлемдесу ілтипатынан айқын көрінеді. Бүгінде жасөспірімдер амандасудың сан түрлі тәсілін трендке айналдырған. Бірі қол алысса, екіншісі құшақтасып амандасқанды құптайды.
Ал қазақ халқы ертеде үлкен кісімен сәлемдескенде қолын кеудесіне қойып, ізет білдірген.
«Әдет-ғұрып, салтымызды өз дәрежесінде сақтай алмай келе жатырмыз. Оның бәрі неден? Оның бәрі отбасымызда ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық қасиетімізді сақтай алмай отырған тәрбиенің жоқтығынан. Сондықтан мен айтар едім, бүгінгі таңда тәрбиені бірінші орынға қою керек. Бұдан 10–15 жыл бұрын "Білім әлемдік болу керек, тәрбие ұлттық болу керек" деген мақала жазғам. Сондықтан үлкеніміз бар, кішіміз бар – тәрбиеге ерекше көңіл бөлейік. Ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрып, салтымызды сақтасақ, сәлеміміз де түзу болады,», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.
Оқи отырыңыз: Қараусыз қалған тарих: Атыраудағы 100 жылдық ғимаратты қалпына келтіруге қаржы жетпей отыр