Қараусыз қалған тарих: Атыраудағы 100 жылдық ғимаратты қалпына келтіруге қаржы жетпей отыр
Атырау қаласындағы 7 тарихи мәдени нысан мемлекеттік қорғауға алынған
Атырауда мемлекет қорғауындағы тарихи мәдени нысан қирап жатыр. 100 жылдық тарихы бар ғимарат бүгінде қараусыз қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір ғасыр болған ғимараттың жағдайы өте аянышты. «Мемлекет қорғауындағы» деген аты болғанымен, заты жоғалып барады. Нысан 1917 жылы бірінші депутаттар Кеңесінің ғимараты болған, кейінгі жылдары емханаға ауысқан. Қазір нысанның қабырғасы қақырап жатыр. Тіпті аумағы да қоршалмаған. Қоғам белсендісі Нұрлан Жунасовтың пікірінше, мұндай ғимараттарды қайта қалпына келтіріп, сақтап қалу керек.
«XIX ғасырдағы ерекше нысандардың барлығы аянышты күйге түскен. Оны жөндеп, реконструкция жасауға болады. Меніңше, мұражай болса да, тарих қой. Нысанға 100 жыл болды. Соңғы рет көргенде ашық жатқан, қоршалмаған», – деді қоғам белсендісі Нұрлан Жунасов
Ал жауаптылар тарихи мәдени нысанды сүрілмейтінін айтты. Қазір қалалық әкімдік баланысына алып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныс беріпті.
«Ғимарат 2013 жылдан бері Атырау облысының мемлекеттік тізімге алынған. Сенімгерлік басқаруға қала әкімінің тапсырмасымен бердік. Қалпына келтіру, күтіп ұстау мәселесі қымбат болуына байланысты жобат кейінге қалды, қазір Атырау қаласының коммуналдық меншігінде, ғимараттың айналасын реставрация мәселесі шешілгенше қоршап қоюға ұсыныс бердік», – деді Атырау облысы Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Досыбав.
Тозығы жеткен тарихи ғимарат бұған дейін сенімгерлік басқаруға кәсіпкерлерге берілгенімен, тиісті шаралар жүргізілмеген. Қала әкімдігі «жобаға қайта жөндеу жүргізу үшін қаражат қолбайлау болып тұр» дейді Қоғам белсендісінің мәлімдемесінен кейін ғимараттың есік-терезесі жабылған.
«Ғимаратты қалпына келтіру үшін қомақты қаржы керек. Әкімдік тарапынан тарихи ескерткіштің сақталуын қамтамасыз ету және оны заң талаптарына сәйкес күтіп-ұстау бойынша тиісті жұмыстар қарастырылуда», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижан.
Атырау қаласындағы 7 тарихи мәдени нысан мемлекеттік қорғауға алынған. Соның үшеуі ғана министрлік тарапынан қайта қалпына келтіру бойынша оң қорытындысын алған.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Елу миллион жыл кері шегініс: ғалымдар қолтырауынның жаңа түрін тапты