Білім саласындағы реформаны жүзеге асырар алдында жан-жақты саралау қажет - Тоқаев

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Мемлекет басшысы елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек екенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет». Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынуда, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның арқасында білім саласын таңдаған жастардың қатары көбеюде. Бұл – жақсы үрдіс.  

Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 2 мыңнан астамы – мектепті «Алтын белгімен» бітіргендер.  

Дегенмен кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс. Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді.  

Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс», - деді ол.

Мемлекет басшысы сонымен қатар салаға жауапты министрліктер педагогтердің жаңа буынын даярлау үшін күш жұмылдыруы керек екеніне тоқталды.  

«Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Алайда осы саладағы кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды.  

Әйтпесе, бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет.  

Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек.  

Әрбір реформаны, әсіресе, білім саласындағы реформаны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет, оның тиімділігіне әбден көз жеткізу керек. Реформа, бұл – бастапқы сынақ, эксперимент емес, бұл – жауапты шешім мен іс-шара.  

Үкімет педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде бұл мәселені міндетті түрде ескеруге тиіс.  

Ұстаздарды мектеп пен балабақшадағы жұмыстың кәсіби ерекшеліктеріне барынша бейімдейтін бірыңғай жүйе құру қажет деген ұсыныс бар екен. Оны жан-жақты қарап, қажет болса, іске асыру керек.  

Бұл іске әдістемелік орталықтар, мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру мекемелері белсене атсалысуға тиіс. Осы салаға жауапты министрліктер педагогтердің жаңа буынын даярлау үшін күш жұмылдыруы керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла әрекет ету қажет», - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Ауыл мектебінен шыққан олимпиада жүлдегерінің саны 10 есеге ұлғайды - Президент