Қатысушылар құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады
«Басты міндетіміз – білімді, бастамашыл, бәсекеге қабілетті және кәсіби маман даярлау». Бұл – педагогтердің қазіргі басты ұстанымы. Алматыда «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: білім беру және адами капиталды дамыту» тақырыбында қалалық семинар өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара барысында жаңа конституциялық басымдықтарды іске асырудағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің рөліне, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Қатысушылар жаңа Ата заңның негізгі ережелерін, адами капиталды дамыту, білім сапасын арттыру, жастардың азаматтық жауапкершілігі мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін ортаға салып, талқылады.
«Мемлекет басшысы Конституция – елдің негізі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екенін үнемі атап өтеді. Ал адами капиталды қалыптастыруда жастардың орны ерекше. Кәсіптік-техникалық білім беру – олардың білікті маман болып, еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік беретін маңызды бағыт», – деді Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Айнұр Мұқажанова.
«Жаңа Конституцияда демократиялық және құқықтық мемлекетті дамытуға бағытталған көптеген маңызды норма қамтылған. Сондықтан семинардың мақсаты – педагогтердің құқықтық сауатын арттырып, оларды Конституцияның негізгі ережелерін жастарға және ата-аналарға дұрыс түсіндіруге дайындау. Бұл үдерістің нәтижесінде әр азамат өзінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін біліп, қажет жағдайда өз құқықтарын өз бетінше қорғай алуы керек. Бұл – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды жетістік болмақ», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Еркін Дүйсенов.
Оқи отырыңыз: Қала күніне орай Алматыда «Үздік жасыл мектеп» байқауының 16 қатысушысы анықталды