Білімдегі былық: Үш жылда 24 мың студент оқудан шығарылған - Тілеген Каскин

Аймағамбетов жоғары оқу орындары түбегейлі өзгеруі тиіс екенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үш жылда 24 мың студент оқудан шығарылған. Сөз 2022-2024 жылдар хақында. Мемлекет олардың біліміне 20 миллиард теңгеге жуық ақша жұмсаған. Алайда кеткен қаржыны кері өндіріп алуды ешкім ойламаған. Осылайша, қыруар ақша желге ұшқан. Мұндай мәліметті Мәжілістегі үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскин мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әдетте сәрсенбі күні кең залға жиналып, заң тақылайтын депутаттар дүйсенбінің таңында шағын залда бас қосып, ортаға Ғылым және жоғары білім министрін алды. Күн тәртібіндегі тақырып – заманауи нарыққа сай кадр даярлау мәселесі. Сан сауалға мүдірмей жауап беруге тырысқан Саясат Нұрбек сөз арасында балалық шағына да саяхат жасап үлгерді.

Министрдің айтуынша қазір білім беру саласындағы кәсіби бағдар берудің бұрынғы механизм жоқ. Дегенмен заман талабына сай оқыту жүйелері күннен күнге дамып келеді. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі ретінде Саясат Нұрбек жаңа кәсіптер атласына тоқталды.

«Атластардың негізінде жоғары оқу орындарының базасында 19 құзіреттілік орталық құрылды, 1750-ден астам оқу бағдарламасы пысықталды, өзгерістер енгізілді. Яғни, атластардың да үлесі бар», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Саясат Нұрбектен кейін сөзді депутат Асхат Аймағамбетов алды. Бұған дейін дәл осы саланы басқарған ол жоғары білімнің бүгінгі жүйесін әбден сынады. Мәжілісмен жасанды интеллект дәуірінде дәстүрлі ілім беру тәсілдері өзектілігін жоғалтып бара жатқанын айтты. Оқытушылардың жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндігі шектеулі деп ашық жеткізді. Аймағамбетов жоғары оқу орындары түбегейлі өзгеруі тиіс деген пікірде.

«Енді жасанды интеллектпен жұмыс істей алмайтын диплом – бұл адамның төрт жыл бойы тек ғимаратқа барып-келгенін растайтын қымбат анықтама болмақ. Бұл жоғары оқу орындарының қазіргі үлгісін қайта қарауды талап етеді. Жаңа университет жасанды интеллектіні барлық дайындық бағыттарына кіріктіруі тиіс», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Үкімет сағатына келген Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскин саладағы біраз былықтың бетін ашты. Сөзінше 2022-2024 жылдары 24 мың студент оқудан шығарылған. Олардың біліміне 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Одан бөлек, кейбір студенттер грантпен оқығаннан кейін мемлекетке жұмыс істеуі керек болған. Алайда олар міндеттен қашып, магистратураға түсіп, кейіннен оқудан шығып кеткен. Салдарынан бюджетке 11 миллиардқа жуық залал келген. Аудиторлар көп жас үміт артқан «Болашақ» бағдарламасынан да заңбұзушылықтар тапқан. Сорақасы сол, министрлік 340 адамға қалауы бойынша «Болашақ» стипендиясын берген.

«Министрліктің шешімі бойынша 340 үміткерге 7,7 миллиард теңгеге жалпы іріктеу критерийлеріне сәйкес келмеген жағдайда стипендия жеке тәртіппен тағайындалған. Сонымен қатар 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс берілген. Ерекше назарға ілінгені жасанды интеллект бағыты бойынша жағдай жоспарланған 54 стипендияның тек бесеуі  ғана іс жүзінде тағайындалған, ал қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген», – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Каскин.

Тілеген Каскиннің айтқан ақпаратын Саясат Нұрбек растамады да, жоққа да шығармады. Тек жоғары оқу орындарында биыл ауқымды аудит басталатынын айтты. Сөзінше, 700-ге жуық оқу бағдарламасы жабылады. Себебі олар әбден ескірген. Ал дәл осы бағдарламалар бойынша оқып жатқан студенттер оқуын толық аяқтайды. Одан бөлек, министр «Болашақ» бағдарламасына түсу үшін ҚАЗТЕСТ талаптары қатаңдатылатынын да жеткізді.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталуы тиіс

Новости партнеров