Биыл Алматыда мопедтің қатысумен 341 апат тіркеліп, 350 адам зардап шекті
Ел бойынша өткен айда 184 мыңнан аса темір тұлпар тіркелген. Оның 18,6 мыңы мотокөлік. Бірақ мопед жүргізушілері құжатын рәсімдеп, мемлекеттік тіркеу номерін алса да, жол-көлік оқиғасы азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күн жылынып, жаз келе саласымен жолда жүйткитін техниканың саны артады. Әсіресе, мопедтер көбейеді. Мәселен Алматыда биыл 13 мың мотокөлік тіркеуден өткен. Алайда қала тұрғындары талап қанша күшейгенімен, тәртіп сақтамайтындар азаймағанын айтты.
«Мопед иелерінің жүргізуші куәлігін алып жатқаны дұрыс. Қолдаймыз. Дегенмен әлі де тәртіпке бағынбайтындар кездеседі. Жолда тіркеу нөмірінсіз кетіп бара жатқандарды, қарсы жолақпен жүретіндерді, бағдаршамның қызыл түсін елемейтіндерді жиі кездестіреміз. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Жүргізушілерге айтарым, заң бәрімізге ортақ. Сондықтан ережені сақтаңыздар», – деді қала тұрғыны Вадим Феликиди.
«Менің ойымша, барлығы адамның өзіне байланысты. Бірақ мопедті қоғам үшін қауіпті құрал ретінде санаймын. Кейде жүргізушілер жаяу жүргіншілер жолымен жүріп кетеді. Сондай кезде алаңдап қаламыз», – деді қала тұрғыны Ілияс Мырзаханов.
Иә, екі дөңгелекті техникадан келер қауіп аз емес. Дегенмен оны түсінетін жүргізушілердің де қарасы қалың. Абылайхан Асанов 1 ай бұрын техникасын тіркеуден өткізген. Бос уақытында тағам тасымалымен айналысатын ол ереже сақтаудың, тәртіпке бағынудың алдымен өзі үшін керек екенін айтты.
«Мопед пен автокөліктің заңдары бір-біріне бірдей болғандықтан стоп-линиядан аспауы керек, жаяу жүргінші жолымен, тротуармен жүрмеуі керек. Көлік тұрағында мототранспорт кейбір жерде екі қатар болып қоюға болады, кейде кіргізеді, кейде кіргізбейді. Қазіргі мәселе – осы», – деді қала тұрғыны Асанов Абылайхан
Мәселе төңірегінде мәлімет берген тәртіп сақшылары «тұрақты түрде өткізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралардың жол қауіпсіздігін сақтауда септігі мол» дейді.
Ақпар үшін айтайық, 19 сәуірден бері заң бұзған 3000 мопед иесіне айыппұл салынып, 1000-ға жуық техника айып тұрағына жіберілген.
«Мопедтер толыққанды көлік құралы болып саналады. Демек мопед жүргізушісінде жүргізуші куәлігі болуы керек. Сақтандыру полисі, техникалық байқаудан өтуі тиіс. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мопедтермен жол-көлік оқиғалары жиіленіп бара жатыр. Биыл 341 жол-көлік оқиғасы болып, 350-дей адам зардап шекті. Өкінішке қарай, екі адам өмірден озды», – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Тоқ етеріне келсек, қатері көп техниканы тізгіндеушілер қарапайым ережелерді есте ұстауы қажет. Құжатсыз, қорғаныш бас киімінсіз жолға шықпауы тиіс. Заңға бағынуы қажет.
Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Қарағандыда ТЖМ қызметкерлері өрт кезінде 5 адамды құтқарып қалды