Бұқара базынасын тыңдауға келген жауапты маман барлығы жоспарға сай жүріп жатқанын айтты
Атырауда бір ай бұрын опырылған жол әлі күнге дейін қалыпқа келтірілмеген. Шіріген құбырлар қақ айырылған тас жол бордай үгітілген күйі тұр. Ал жол айналасында орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары қауіпті аумақ әлі күнге қоршалмағанына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бір ай бұрын Нұрсая ықшамауданындағы опырылған жолдың салдары сол маңдағы көпқабатты тұрғын үй жұртын зәрезап қылды. Бордай үгітілген жолдың бүлінуіне құбырдан кеткен ақау себеп. Ал кәріз құбырынан тараған өткір иістен тұрғындардың тынысы тарылып, ауруы қозған. Олар амалсыз бетперде киіп қорғануға көшкен. Ал еш қоршалмаған жол адам өміріне қауіп төндіріп тұр.
«Жол өмірімізге қауіп төндіріп тұр. Балалар жүреді, құдыққа түсіп кетуі мүмкін. Иістен тыныс алу мүмкін емес. Бнтперде киеміз, бала шешіп тастайды, сосын құсады», – деді қала тұрғыны Жанат Нұрекенова.
«Мәселе қашан шешіледі? Тамызда көшіп келдік. Кішкентай бала бар. Қазылған шұңқырдан үйдің қабырғасы құлайтын шығар. Әрі-бері өте алмаймыз, ешкім ойлап жатқан жоқ», – деді қала тұрғыны Шынар Бөлеева.
Тұрғындар тіпті үйден шыға алмай отыр. Ауыр техника мен темір-терсектер құлап қалады деп алаңдаулы. Сондықтан үрейленген жұрт мәселені шенеуніктер шешіп беруін талап етті.
«Тез жұмысты аяқтау керек қой. Ертең үй опырылып құласа, кім жауап береді? Өте адмаймыз, айналып жүреміз», – деді қала тұрғыны Жанар Елеусінова.
Бұқара базынасын тыңдауға келген жауапты маман барлығы жоспарға сай жүріп жатқанын айтты. Жолды бір апта ішінде аяқтаймыз деп уәде берді.
«Жолдың астына жатқан 315 құбыр жарылып, астындағы асфальт түсіп кеткен. Жұмысшылар анықтап, құбырларды ауыстырып жатыр, 10 шақты күн ішінде аяқталады. Күн жылынғанда үстіне жаңа асфальт төселеді. Жаңа кәріз сорғысын алдық, иіс кетеді», – деді Атырау облыстық Энергетика және ТҮКШ бөлімінің бөлім басшысы Асан Нұрғалиев.
Бірақ тұрғындар көңілі күпті. Көпшілік жұмыс баяу жүріп жатқанын алға тартты.
Оқи отырыңыз: Ақтау қаласының тұрғындары жылусыз отыр