Қазақстанда әскери білім беру жүйесі кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр
Елімізде әскери білім беру жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қарқынды өзгеріп жатқан әскери-саяси ахуал жағдайында ұлттық қауіпсіздікке төнетін қазіргі және болашақ қауіп-қатерлерге тиімді жауап бере алатын, заманауи, технологиялық және бәсекеге қабілетті әскери кадрларды даярлау жүйесі қалыптастырылуда. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Оның айтуынша, бүгінде Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру жүйесіне 9 әскери оқу орны кіреді. Оның ішінде 4 жоғары әскери оқу орны және 5 әскери колледж бар.
«Әскери мамандарды даярлау техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары білім (бакалавриат), сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру – магистратура және докторантура деңгейлері бойынша жүзеге асырылады. Осылайша, сержанттық құрамнан бастап офицерлер мен әскери ғалымдарға дейінгі кәсіби өсудің үздіксіз жүйесі қалыптастырылды», – деді спикер.
Мұрат Олжабаевтың айтуынша, сондай-ақ әскери оқу орындарына қабылдау және конкурстық іріктеу үдерісіне ерекше көңіл бөлінеді.
Өткен жылдан бері талапкерлерге өтінішті eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы беру мүмкіндігі енгізілді.
«Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциялануы нәтижесінде ҰБТ нәтижелерін алу, арнайы тексерулерден өту және медициналық рәсімдерді жүргізу процестері автоматтандырылды. Соның арқасында құжаттарды рәсімдеу мерзімі 120 күннен 30 күнге дейін қысқарды. Азаматтар өтінішті қашықтан тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, еліміздің барлық өңіріндегі жастарға тең мүмкіндік беруге және субъективті факторлардың ықпалын азайтуға жол ашты», – деді полковник баспасөз конференциясында.
Әскери жоғары оқу орындарына қабылдау төрт кезеңнен тұратын іріктеу жүйесі бойынша жүзеге асырылады: кәсіби-психологиялық іріктеу; медициналық куәландыру; дене даярлығы деңгейін тексеру; конкурстық рейтинг бойынша іріктеу.
Сонымен қатар ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсушілер арасындағы бәсекелестіктің артуы әскери мамандықтардың беделі мен олардың азаматтық білім беру ұйымдарымен салыстырғандағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. 2025 жылғы қабылдау науқанының қорытындысы бойынша әскери оқу орындарындағы бір орынға орта есеппен үш талапкерден келді.
«Ең жоғары сұранысқа ие мамандықтардың қатарында мемлекеттік авиацияда әуе кемелерін ұшу арқылы пайдалану, әскери медицина, автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, сондай-ақ әскери саладағы дене шынықтыру бағыттары болды. Оқуға қабылдау қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес рейтингтік тізімдер негізінде қатаң түрде жүзеге асырылады», – деді ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы.
Оның айтуынша, көрсеткіштері бірдей болған жағдайда «Қазақстан Республикасындағы әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 39-бабында белгіленген санаттағы азаматтарға басымдық беріледі. Олардың қатарында әскери қызмет өткеру өтілі бар әскери қызметшілердің балалары, «Алтын белгі» иегерлері және олимпиада жеңімпаздары бар.
Оқи отырыңыз: Елімізде киберқауіпсіздік саласына 2 400-ге жуық грант бөлінді