Бір сапар – бір тәтті сый: Павлодардағы ерекше такси
35 жастағы Рүстем Қарабеков бұл бастаманы балаларының өтінішімен қолға алға
Павлодарда жолаушыларын тәттімен қарсы алып, көңілін көтеретін ерекше такси жүргізушісі бар. Оның көлігінің салоны кәмпитке толы. Тіпті есік тұтқасына дейін тәтті іліп қойған. Жолаушылар қалағанын тегін алып, жол үстінде дәм тата алады. 35 жастағы Рүстем Қарабеков мұндай бастаманы былтыр қолға алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көлікке мінген жолаушының көзіне бірден кәмпит түседі. Есік тұтқасынан бастап, алдыңғы панель мен орындықтарға дейін тәттіге толы. Қалағанын таңдап алуға болады. Жүргізуші тәттіні өзі ұсынып, ол үшін қосымша ақы сұрамайды.
«Тәттілерді байқамау мүмкін емес, бірден назарым ауды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеппін. Кәмпит ұсынып, көңілімізді көтерді. Осындай ерекше қызметі үшін 10 балл қояр едім. Межелі жерге көтеріңкі көңіл-күймен жеттім», – деді жолаушы Руслан Құрымбаев.
35 жастағы Рүстем Қарабеков бұл бастаманы балаларының өтінішімен қолға алған. Әуелде көлігіне бірнеше кәмпит салып жүрген. Бүгінде бұл әдеті тұтас салонды тәттіге толтыруға ұласқан. Қазір ол күн сайын 200-ге жуық кәмпит сатып алады. Бұған күніне 2-ден 5 мың теңгеге дейін жұмсайды. Такси жүргізу – оның негізгі жұмысы емес. Негізгі кәсібі – сантехникалық қызмет көрсету.
«Адамдарды қуанту үшін ең бастысы – олардың да, менің де көңілім көтеріңкі болуы. Мұның рейтингке еш қатысы жоқ. Жолаушыларды межелі жеріне тезірек жеткізіп, күлімдеп, күліп жүргенін қалаймын», – деді такси жүргізушісі Рүстем Қарабеков.
Тәттіге толы көлік жұрттың қызығушылығын тудырған. Кейбірі арнайы тоқтап, салонды тамашалайды екен. Полиция қызметкерлері де мән-жайды сұраған. Дегенмен жүргізушіге ешқандай ескерту жасалмаған. Ал көлікті осылай безендіруге заң бойынша рұқсат бар ма? Адвокаттың айтуынша, бұл әрекет құқық бұзушылыққа жатпайды.
«Көлікті қайта жабдықтау дегеніміз – оның техникалық құрылымына өзгеріс енгізу, қосымша құрылғылар орнату сияқты жұмыстар. Ал салонға тәтті қоюды мұндай өзгеріске жатқызуға болмайды. Мұнда ешқандай заңбұзушылық көріп тұрған жоқпын. Керісінше, осындай игі бастамаларды қолдау керек. Жүргізушіні бұл үшін жауапқа тартуға еш негіз жоқ», – деді адвокат Евгений Яворский.
Рүстемнің тәтті бастамаға қатысты жоспары әлі көп. Алдағы уақытта көліктің төбесін де кәмпитпен безендіріп, салонға түрлі түсті жарық орнатпақ. Жолаушы тасымалдауды өзгеше кәсіпке айналдырған жүргізушінің мақсаты – табыс табу ғана емес, жол үстінде адамдарға қуаныш сыйлау. Өйткені кейде бір кәмпиттің өзі адамның көңілін көтеруге сеп болады.
Әйкерім Пернебек, Әсия Серікова, Әділхан Мұталяпов, Almaty TV, Павлодар