Ол отбасылық жәдігерді кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан
Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғыны Ғалымжан Мұқашев үйінен шағын музей ашқан. Зейнеткер бірнеше жылдан бері көне бұйымдарды жинап, жеке коллекциясын қалыптастырған. Бүгінде мұнда өткен ғасырдың 50–70-жылдарына тиесілі 300-ден астам жәдігер сақтаулы, деп хабарлайды Almaty TV.
Ғалымжан Мұқашевтің музей ашуына анасының көзі болған көне аяқ ұршық себеп болған. Ол отбасылық жәдігерді кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат тұтып, осыдан кейін түрлі көне бұйымдарды жинай бастаған.
Жеке коллекцияда ескі теледидарлар, радиоқабылдағыштар, сағаттар мен музыкалық аспаптар бар. Сондай-ақ алғашқы фотоаппараттардың үлгілері мен шамдардың бірнеше түрі қойылған. Коллекционер үшін ең құнды жәдігерлердің бірі – 1956 жылы Ленинград қаласындағы зауытта жасалған шам.
Мұражайда анасының аяқ ұршығынан бөлек, әкесінен қалған жеке заттар да сақталған. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Сонымен қатар мұнда жүз жылдық тарихы бар тас диірмен мен қол ұршық та бар.
Коллекционердің үйіндегі шағын музейге келушілердің қатары да артып келеді. Олардың арасында Атырау тұрғындарымен қатар, өзге өңірлерден келген қонақтар да бар. Музейге келушілердің бірі Эдуард Ильясов әкесінен қалған ескі радио мен пластинкаларды коллекцияға табыстағанын айтады. Оның пікірінше, мұндай орындар өткен дәуірдің тұрмыс-тіршілігін танытып, жас ұрпаққа тарихты жақыннан білуге мүмкіндік береді.
Ғалымжан Мұқашев үшін бұл жай ғана көне заттардың жиынтығы емес. Әр жәдігердің артында отбасының тарихы мен тұтас бір дәуірдің ізі жатыр. Сондықтан ол жинаған дүниелерін келер ұрпаққа аманат етуді мақсат етеді.
Жұлдыз Қайратқызы, Almaty TV, Атырау облысы