Білім ошағында 1800 бала бар
Түркістан облысында ерекше білім ошағы бар. Бірінші мамыр орта мектебінде 19 этностың балалары оқиды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Терең тарихы бар білім ошағы облысқа бауырмалдығымен үлгі болып отыр. Мектепте орыс, өзбек, түрік этносынан бастап, әзербайжан, шешен, күрд, татар, украин, тәжік, авар, кәрістер де білім алуда. Әрі олардың көбі оқуда озат. Балалар республикалық жарыстарда да топ жарып жүр.
«Мен футбол лекциясына қатысамын. Осы жақында Түркістан облысында екінші орын алдық. Республикалық жарыстан 3-орын алғанбыз. Қазақстан чемпионатына да қатысамыз», – деді оқушы Ангелина Цейзер.
Бірлігі жарасқан білім ошағында 1800 бала бар. Олар қазақ және орыс тілінде білім алады. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған 220 ұстаз оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруді мақсат еткен. Төлеби ауылдық округінде 21 мыңнан астам тұрғын ғұмыр кешеді десек, оның 11 мыңы қазақ.
«Жыл сайын түлектер де ҰБТ-дан жақсы тапсырып, армандаған оқуына түсуде. Түлектеріміз келіп, көктемде ағаш егеді», – деді Бірінші мамыр жалпы білім беретін мектептің директоры Бекжан Баймұсаев.
Оқи отырыңыз:Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі: соғыс ардагерлері оқушылармен кездесті