Бірнеше өңірде автонесие арқылы алаяқтық жасаған топ ұсталды - ІІМ

23.01.2026 16:22

Автонесиелеудің қылмыстық схемасы әшкереленді

Depositphotos.com

Ішкі істер министрлігі автонесиелеудің қылмыстық схемасын әшкереледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv. тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

19 қаңтарда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін автокөліктерді шетелге шығарып отырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.

Анықталғандай, күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген.

"Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында күдіктілер азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредиттік тарихын жасанды түрде жақсартқан.

Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан соң қымбат автокөліктер шетелде сатылған", - делінген хабарамада.

Қазіргі уақытта осындай 15 дерек анықталып, өзге де эпизодтар бойынша жұмыс жүргізілуде. Тінту іс-шаралары барысында бірнеше бірлік атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірнеше бап бойынша жүргізілуде, негізгі 6 күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқи отырыңыз: Алматыда комьюнити орталықтар резиденттері компьютерлік клубтарға түнгі бақылау жүргізді