Бішкекте өткен үкіметаралық кеңесте екіжақты байланыстардың басым бағыттары қаралды

30.10.2026 13:27

Олжас Бектенов Қырғызстан Қазақстан үшін тату көрші, бауырлас ел әрі маңызды сауда-экономикалық серіктес екенін атап өтті

Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев Бішкек қаласында (Қырғызстан) Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамда өткен 14-ші отырысына қатысты,  деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Жиын барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың екіжақты ынтымақтастықты басым бағыттар бойынша одан әрі тереңдетуге қатысты тапсырмаларын жүзеге асыруға басымдық берілді. Атап айтқанда, сауда-экономикалық байланыстар, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы, көлік-транзит, ғарыш саласы, авиация, цифрландыру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қырғызстан Қазақстан үшін тату көрші, бауырлас ел әрі маңызды сауда-экономикалық серіктес екенін атап өтті. Бүгінде екі ел арасындағы өзара сауда көлемінің тұрақты өсімі байқалады. Шекара маңындағы индустриялық-сауда-логистикалық кешенді іске қосу және экономиканың негізгі салаларындағы кооперацияны тереңдету мемлекеттер басшылары белгілеген тауар айналымын $3 млрд-қа дейін арттыру мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Нургожоевич Жапаровтың бірлескен күш-жігері мен тікелей қолдауының арқасында елдеріміз арасындағы одақтастық байланыстар жаңа деңгейге көтерілді. Біздің мақсатымыз – мемлекеттеріміздің басшылары айқындап берген барлық міндеттерді толық жүзеге асыру. Сауда қатынастарын одан әрі арттыру үшін көлік-транзит, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларындағы ықпалдастықты дамыта түсу керек. Жалпы Қазақстан мен Қырғызстан арасында екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша үлкен әлеует бар. Біз оларды нақты жүзеге асыруға дайын екенімізді растаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

«Біз Қазақстан Республикасында экономикасы, әлеуметтік және мәдени салалары дамыған Күшті мемлекет құруға бағытталған реформалардың жүргізіліп жатқанын шынайы ризашылықпен бақылап отырмыз. Етене жақын қос елді екіжақты ынтымақтастықтың барлық әлеуетін толық жүзеге асыруға берік негіз қалаған ғасырлар бойғы тарихи, рухани және бауырластық байланыстар біріктіреді. Соңғы жылдары мемлекеттеріміздің басшыларының сенімді қарым-қатынастары негізінде елдеріміз арасындағы ықпалдастық жаңа деңгейге көтерілді. Біздің саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы қарым-қатынасымыз сындарлы түрде дамуда», — деді Адылбек Касымалиев.

Жиында су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аударылды. Осы жылдың ақпан айында Астанада қол қойылған Гидрометеорологиялық деректермен жедел алмасу бағдарламасы шеңберінде одан арғы ынтымақтастық жайы талқыланды. Сондай-ақ шарттық-құқықтық базаны жетілдіру және мемлекетаралық су шаруашылығы объектілерін пайдалану жөніндегі жұмыс қаралды. 

Оқи отырыңыз: Алматыда қазақ және қытай суретшілерінің туындылары қойылған халықаралық көрме ашылды

Толық көрсету