Жобаның құны – 1 млрд 64 млн теңге
«Бюджеттен бөлінген қаржы қайда?». Атырау облысына қарасты Сүйіндік ауылында бой көтеруі тиіс болған нысанның құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кешеннің құрылысы 2023 жылдан бері тоқтап тұрғандықтан, ауылдың дарынды спортшылары ойын алаңдары мен мектептің акт залдарында жаттығуға мәжбүр. Оның өзі тар, ыңғайсыз. Сондықтан халық ескерткішке айналған нысанның құрылысын жеделдетуді талап етеді.
«Келіп тексерулеріңізді сұраймыз. Құрылыс 2024 жылдың аяғында бітуі тиіс еді. Әлі салынып жатыр, біткен жоқ. Жастар, керемет спортшыларымыз бар. Олар жаттығу керек», – деді Сүйіндік ауылының тұрғыны Бек Қапуанов
Көпшіліктің айтуынша, қазір ғимараттың тек 4 қабаты тұрғызылған. Нысанның айналысын да арам шөп басып, құрылыс материалдары жан-жақта шашылып жатыр. Ал ауылдағы ағайын «болашақ спортшыларымыздың арманы орындалмай ма?» деп алаңдайды.
«Әлі бітетін шаруа емес, өндіріп жатқан ештеңе жоқ. Ауылдың балаларына ауылда айналыса қоятын ештеңе жоқ. Орталыққа ойын кешенін құрған. Ауылдың үлкені де, кішісі де соның басында отырамыз. Басқа баратын жер жоқ», – деді Сүйіндік ауылының тұрғыны Мұрат Елешов.
Бұл құрылысқа негізінен ақтөбелік компания жауапты. Ал жобаның құны – 1 млрд 64 млн теңге. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, құрылыстың кешігуіне дәл өзі мердігердің салғырттығы себеп.
«Қазіргі уақытта жұмыс баяу жүргізілуде. Ол жөнінде құрылыс компаниясына да бірнеше ескерту берілді. Егер де құрылыс уақытында бітпесе, тиісті айыппұл саламыз, ескертілді», – деді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Марат Хасанов.
Жергілікті билік өкілдері спорттық кешенді жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Дегенмен жылдағы уәде тағы жыр бола ма деген қорқыныш көп. Сондықтан онсыз да мерзімінен кешіккен нысанның толық әрі сапалы аяқталуы - әлі де күн тәртібінде.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында ауыл мектебінің төбесі опырылып түсті