Биыл 12 мыңнан аса мүгедектігі бар адам баспанаға ие болады

Олжас Бектенов Оқу-ағарту министріне педагогтерді арнайы курстарға жіберуді тапсырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Мұғалімдердің бәрі бірдей ерекше балалармен дұрыс қарым-қатынас орната алмайды». Осылай деген Премьер-министр Олжас Бектенов мұны азаматтардың шағымынан байқауға болатынын айтты. Сондықтан ол Оқу-ағарту министріне педагогтерді арнайы курстарға жіберуді тапсырды, 

Елімізде 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл жалпы халық санының 3,7 пайызы. Оның ішінде шамамен 56 проценті еңбекке қабілетті жастағылар. 29 пайызы зейнеткерлер болса, қалғаны балалар. Үкіметте осылай деп есеп берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін цифрлық қызмет енгізілетінін айтты.

«Бұл қызмет азаматтарды жұмыспен қамтығанға дейін проактивті сүйемелдейтін болады. Биылдан бастап 17 мыңға жуық мүгедектігі бар адамдарды квотамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2 есе көп болады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар жандарға арналған арбалар мен протездер бұдан былай жалға берілетінін жеткізді. Яғни, құралдарды уақытша пайдаланғаннан кейін мемлекетке қайтарып беруі керек. «Бұл жүйе құралдарды тиімді пайдаланып, оларды көп адамға қолжетімді ету үшін жасалып отыр» деген министрге Олжас Бектенов инклюзия саласында кадр тапшылығы барын айтып, бұл мәселені қалай шешесіздер деп, тосыннан сұрақ қойды. 

«Сұраныс бойынша осы жылы елімізге 69 сурдолог, 98 реабилитолог және 2 мыңнан астам логопед қажет. Осы жылда колледжд, университеттерден жалпы 181 сурдолог, 190 реабилитолог және 1412 логопед оқуын аяқтайды. Сол жас мамандар екінші жартыжылдықта жұмысқа қосылады», – деді Асқарбек Ертаев.

Маман демекші Олжас Бектенов Қазақстандағы педагогтер ерекше балаларға сабақты жөнді үйрете алмайтынын айтып, сыни пікір білдірді. Олай деуіне себеп бар. Өйткені, осы мәселе бойынша Үкімет кеңсесіне азаматтардан көптеген шағым түседі. Премьер-министрдің айтуынша, бұл мұғалімдерде ерекше балалармен және ересектермен жұмыс істеу дағдысы толық қалыптаспағанын көрсетеді.¤

«Мысалы, мұғалімдердің барлығы бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен қалай тиімді қарым-қатынас орнату керектігін біле қоймайды. Оны азаматтардың көптеген өтініштерінен байқауға болады. Оқу-ағарту министрлігі ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша мұғалімдерге арналған оқыту курстарын тұрақты негізде өткізуі қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Биыл 12 мыңнан аса мүгедектігі бар адам жеңілдетілген ипотека арқылы баспанаға ие болады. Былтыр осы бағдарлама арқылы 5 277 азамат пәтерлі болған. Одан бөлек, жыл басынан бері 810 мүмкіндігі шектеулі жан және 843 отбасы жалдамалы үй алыпты. Осылайша, Үкімет мүмкіндігі шектеулі адамдарды баспанамен қамтамасыз ету шараларын жалғастырмақ. 

«Сондай-ақ тұрғын үй реформасы аясында жалдамалы үйлерді жекешелендіруге рұқсат берілді. Соның нәтижесінде өткен жылы 4 386 мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатқан коммуналдық үйді жеке меншікке алды», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов

Үкімет басшысы Олжас Бектенов инклюзивті және кедергісіз орта құру ісіне бизнес, үкіметтік емес сектор, бүкіл қоғам белсенді атсалысуы тиіс екенін баса айтты. Отырыс соңында жауаптыларға инклюзивті спорт орталықтарын ашуды жеделдетіп, мектептер, вокзалдар, дүкендер мен дәріханалар сияқты нысандарды бірыңғай талаптарға сай бейімдеу жұмыстарын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров