Жамбыл облысының тұрғындары Англияға барып, табыс табамыз деп алданып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар бір жыл бұрын әлеуметтік желіден «Шетелден жұмыс тауып беремін» деген астаналық азаматтың жарнамасын көрген. Сөйтіп оншақты адам жалпы сомасы 5 миллион теңгеден аса ақша жинап беріпті. Астаналық делдал әу баста жылыжайдан жұмыс тауып беремін, деп уәде еткен көрінеді. Алайда дәл шетелге шығар сәтте құжаттың бәрі жалған болып шыққан. Осылайша, ақшасынан айырылғандар полицияға жүгінді. Алайда қылмыстық іс бір жылдан бері нәтиже бермей келеді
«Туған-туысқандардың барлығына жексұрын болдық. Алаяқ болып отырмыз. Жұмысымыздан айырып отыр ғой. Өз еркімізбен жұмыстан шықтық. Жұмыс жоқ. Күніге екі ортаны тоздырып жатырмын. Генералға 5 рет кірдім. Нәтиже жоқ», – деді қала тұрғыны Нұрғиса Ибрагимов
«Англия да жоқ, ақша да жоқ. Кредит алдық. Енді сол кредиті әшейін төлеп жатырмыз. Полицияға қанша рет арызданып жатырмыз. Олар күтіңдер, күтіңдер дейді. Жоқ. Нәтиже жоқ», – деді қала тұрғыны Нұрғали Тұрғанбаев.
Тұрғындар күдіктінің барлық құжаты мен мекен жайын тәртіп сақшыларына берген. Алайда күдікті пәтерін сатып шетел асып кеткен көрінеді.
Ал құқық қорғаушылар болса, қылмыстық істің 8 ай бұрын ашылғанын растады. «Қазір 29 жастағы күдіктінің жеке басы анықталып, жедел іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр» деп мәлімдеді.
«Оған қатысты халықаралық іздеу жарияланды. Жедел іздестіру іс-шаралары кешені жүргізілуде», – деді облыстық ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Уәлихан Ағыбаев
Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік жол апатына қатысы үкім шықты: жәбірленуші тарап келіспейді