Қаражат 4 мың 900 шақырым трассаны күтіп ұстауға, жөндеу жұмыстарына жұмсалған
Биыл ақылы жолдардан 79 миллиард теңге түскен. Қаражат 4 мың 900 шақырым трассаны күтіп ұстауға, жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Сондай-ақ, мыңға тарта арнайы техника сатып алынып, мың екі жүз қызметкерге айлық төленген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елдегі ақылы жолдарға жауапты жалғыз компания «ҚазАвтоЖолдың» басшысы Дархан Иманашев Бектеновке есеп берді. Оның түрлі сандардан құралып, тап-тұйнақтай жазылған баяндамасында ұзындығы мың жеті жүз шақырым болатын 9 жол учаскесі пайдалануға берілгені жазылған. Ел бойынша 26 трассадан кіріс түсетін болады. Иманашев жол құрылысына немқұрайлы қарайтындарды айыппұлмен жазалауды қолға алғанын айтты. Тіпті ара-тұра сотқа жүгінетін де көрінеді.
«2025 жылы келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін 48 техникалық қадағалау маманы жұмыстан шығарылып, оларға 196 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Құрылыс жұмыстарын тиісті түрде орындамағаны үшін 10 мердігер компания сот шешімімен жосықсыз компаниялар тізіміне енгізілді», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
«ҚазАвтоЖол» басшысының айтуынша, талай тағдыр талқан болған Самара-Шымкент бағытындағы Ақтөбе – Ұлғайсын автожолын келесі жылы екі есе кеңейтуді жоспарлап отыр. 232 шақырымға тақтайдай жол төселеді. Қазір конкурс рәсімдері жүріп жатыр. Сондай-ақ ол «қазанда 12 адам қаза тапқан Белқопа ауылы маңындағы жантүршігерлік апат болған жер реконструкцияға ене ме?» деген сауалға жауап берді.
«Ақтөбе – Ұлғайсын 232 шақырым. Ол нысан ішінде. Конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Оның ішінде 6 отандық компания өтінім берді. Қазір қарастыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Қаржыландыру банктан тексереді де, мақұлдағаннан кейін бізге келесім береді. Мердігер тағайындағаннан кейін келісімшартқа отырамыз», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
«Жолда жүрген халық пен тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау керек». Осылай деген Олжас Бектенов трасса бойындағы сервистік инфрақұрылымның жағдайына тоқталды. Ол аялдамалар, жанармай бекеттері, ас ішіп, демалатын орындар талапқа сай болуы үшін жеке кәсіпкерлердің қаражатын пайдалану керек екенін айтты.
«Көлік министрлігі «ҚазАвтоЖол» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, халыққа және жалпы тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасауы қажет. Бұл ретте жеке инвестицияларды белсенді тарту керек», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Үкімет басшысына көлік министрі бастап, бірқатар ведомство басшылары есеп берді. Отырыс соңында Олжас Бектенов жауаптыларға халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункттеріндегі процестерді жылдам цифрландыруды міндеттеді. Сондай-ақ әуежай инфрақұрылымын жаңғыртып, жүк және жолаушылар ағынын арттыруды тапсырды. Көлік қозғаласын болжап, басқару үшін жасанды жадыны енгізу қажет екенін атап өтті.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Жаңа жыл қарсаңында қосымша қандай пойыздар жүретіні белгілі болды