Биыл Алматы облысында 6 ғимарат салынады

Облыстық соттың жаңа ғимараты Қонаев қаласындағы күре жол, Алматы-Өскемен тас жолының бойына салынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында биыл 6 бірдей зәулім ғимарат салынады. Осылайша, Қонаев қаласы алып құрылыс алаңына айналмақ. Бой көтеретін нысанның бірі – облыстық сот. Бүгінде мекеме құрылысы ресми түрде басталды. Іргетасына капсула салынып, салтанатты іс-шара өтті.  Жиынға Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты, деп хабарлайды  Almaty.tv

Облыстық соттың жаңа ғимараты Қонаев қаласындағы күре жол, Алматы-Өскемен тас жолының бойына салынады. Бүгінде құрылыс ресми түрде басталды. Қазір жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша 5 қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталады. Бірнеше сот залы, сотталушыларға арналған орындар мен қызметтік кабинеттер болады.

«Ғимараттың жалпы көлемі 9,5 мың квадраттан тұрады. Жеке сотталушы кісілерді алып келетін, алып кететін, ішінде сақтау бөлмелері, 22 сот залы орналасқан. Керекті жаңағы экскаватор, самосвал техникалар бар. Бүгінгі таңда құрылыс басында 40 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмыстың қарқыны бойынша адам саны көбейе береді», – деді құрылыс компаниясының басшысы Нұржан Сауырбаев.

 Аталған құрылыстың аяқталу мерзімі – 15 ай. Нысан басына жоғарғы сот төрағасы мен аймақ басшысы келіп, ғимарат іргетасына арнайы капсула салды.  

«Биыл 2 миллиард теңге бөлінді. Қалғанын жұмыстың қарқынына байланысты келесі жылдары бөлінетін болады.Биыл бұл ғимараттан бөлек әкімшілік ғимаратты салу жоспарланған. Республикалық резервтен 22 млрд теңгеге жуық қаражат 6 ғимараттың құрылысын бастауға бөлінді», – деді  құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оңалбаев.

Облыс орталығында биыл 5 ғимараттың құрылысы басталады.

Атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Полиция департаменті, Ұлттық банк, драма театр және спорт аренасы. 

Гүлмарал Изатқызы, Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Әшімжанов

Новости партнеров