Аймақта өрт қаупі жоғары маусым 26 наурыздан 20 қарашаға дейін созылады
Биыл Алматыда 28 орман өрті тіркелді. Оның 22-сі таулы аймақта болған. Салдарынан 80 гектарға жуық аумақ өртке оранған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тілсіз жау әсіресе Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жиілеген. Мұнда 21 өрт ошағы анықталып, шамамен 26 гектар жер зақымданған. Бұл туралы бүгін «ҚазАвиаОрманҚорғау» Алматы авиациялық бөлімшесінің басшысы Бекзат Байшалов Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлады Almaty.tv.
Оның айтуынша, биылғы маусымда жауын-шашынның азаюы табиғи өрттің пайда болуы мен тез таралу қаупін күшейткен. Сонымен қатар өрт маусымында табиғатты қорғау полициясы, балық инспекциясы және сала мамандарының қатысуымен тұрақты әуе рейдтері жүргізілген. Нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұзуға қатысты төрт әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
«Биыл тіркелген 28 өрттің 11-і түнде немесе таңғы уақытта болған. Әуе қызметі бойынша биыл ұшақтарға 72 сағат, 2-3- санаттағы тікұшақтарға 285 сағат, ал МИ-8 тікұшағына 85 сағат бөлінді», – деді «ҚазӘуеОрманҚорғау» РМҚК Алматы авиациялық бөлімшесінің басшысы Бекзат Байшалов.
Алматыда өрт қаупі жоғары маусым 26 наурыздан 20 қарашаға дейін созылады. Осы аралықта Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері 170-ке жуық рұқсатсыз от жағу фактісінің жолын кесіп, 167 адамды жауапқа тартқан. Сонымен қатар 355 гектардан астам құрғақ шөпті алқапты тексеріп, 146 рейд жүргізілген. Өрттің алдын алу жұмыстарына 100 төтеншелік пен қосымша 130 әскери күш жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгінде халық жиі баратын және туристер көп шоғырланатын аумақтарда профилактикалық шаралар жалғасып жатыр.
«Алматы қаласының аумағында 21 мың гектардан астам орман алқабы бар. Жыл басынан бері құрғақ шөптің жануы бойынша 533 жағдай тіркелді. Алайда табиғи орман өртіне жол берілген жоқ. Өрттің негізгі себебі – тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Жұматаев.
Оқи отырыңыз: