Алматыда биыл полиция мен еріктілер 670 наркосайтты бұғаттады

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Азаматтардан келіп түсетін ақпарат қауіпті жедел анықтап, шешім қабылдауға мүмкіндік береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері полиция мен еріктілердің күш біріктіріп жұмыс істегенінің арқасында есірткі тарататын 670 сайт пен Telegram-арна анықталып, бұғатталған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлушаш Досболова осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Атсалысып жатқан әр адам - еріктілер де, күмәнді ресурстар туралы хабарлайтын қарапайым азаматтар да осыған көп еңбек сіңірді», – дейді.

Спикердің айтуынша, наркоресурстарды ақпарат интернет кеңістігін бақылау арқылы, сенім телефонына келіп түскен өтініштер арқылы, «E-Өтініш» платформасы арқылы, сондай-ақ жедел арналар арқылы анықтайды екен.  

«Біз азаматтар арқылы, жедел мәлімет арқылы, бір жағынан өзіміз де әлеуметтік желіні бақылап, бір ресурс туралы ақпаратты бірнеше көзден қатар алып отырамыз», – деп толықтырды Сұлушаш Досболова.

Анықталған ресурсты кейін Ақпарат және байланыс министрлігі әзірлеген «Кибернадзор» жүйесіне жолдап, онда оларды бұғаттайды. Полиция өкілінің айтуынша, барлық сайт бірден жабыла бермейді екен. Кейде таратушыларды толық анықтап алу үшін бұғаттауды кейінге шегере тұрады.

Полиция қоғамның осы іске белсене араласуы есірткі қылмысына қарсы күрестің маңызды бөлігі болып қала беретінін айтады. Азаматтардан келіп түсетін ақпарат қауіпті жедел анықтап, шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Спикер есірткі тарататын наркосайтты, Telegram-арна мен есірткі жарнамалап жатқандарды көрсеңіз, +7 700 113 0102  WhatsApp нөміріне немесе Narko Shekteu Almaty тelegram-каналына хабарлап айтуыңызға болатынын ескертті.

Оқи отырыңыз: Алматылық спортшылар үстел теннисінен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды

Новости партнеров