Жаңа ережелер аясында экологиялық талаптардың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі
Алматыда жылына 189 мың тонна зиянды шығарындылар жиналады. Бұл туралы Медеу ауданында өткен «Атмосфералық ауаны қорғау мәселелері бойынша ақпараттық кеңес беру» жиынында айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Шараға аудан әкімі, экология саласының мамандары, тұрғындар мен 30-ға тарта кәсіпкер қатысты. Аудан әкімі Еркебұлан Оразалин жаңа экологиялық талаптардың мәнін түсіндірудің маңызды екенін алға тартты.
Өкінішке қарай, Алматыда ауа сапасы – ең өзекті экологиялық ахуалдардың бірі. Жыл сайынғы шығарындылардың 60 пайызы автокөліктерге, ал қалғаны стационарлық көздер мен жеке тұрғын үйлерге тиесілі. Бүгінде мегаполистегі жеке сектордың 99 пайыздан астамы, ал қала маңындағы нысандардың шамамен 92 проценті газға қосылған. Мамандар «Жылу электр орталықтарын газға көшіру зиянды шығарындыларды 92 пайызға дейін азайтып, ауа сапасын айтарлықтай жақсартады» дейді мамандар. Өткен жылдың 30 желтоқсанында экологиялық кодекстің 206-бабын іске асыру аясында ауаны қорғау қағидаттары бекітілген. Олар биыл жыл соңынан бастап іске қосылмақ.
«Ластаушы заттарды ұстап қалатын құрылғылар орнатылуы қажет. Ал жеке тұрғын үйге келетін болсақ, газдалған аймақтарда қатты отынды жағуға тыйым салынады. Газға немесе басқа да экологиялық отынның түріне көшу керек», – деді Экология және қоршаған орта басқармасының экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Ләйлә Мұхаметрахимова.
Биыл экологиялық талаптарды бұзған автокөліктерге шамамен 288 миллион теңге айыппұл салынған. Алдағы уақытта автобустар босқа отын жақпау үшін автономды жылыту жүйелерімен жабдықталуы тиіс. Ал дизельді көліктер шығарындыларды тазартатын реагенттерді қолдануға міндетті. Әрбір көлік мың шақырымға кемінде 15 литр реагент жұмсалуы қажет. Осы жылдан бастап жаңа ережелер аясында экологиялық талаптардың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
«Көліктерге негізгі талап 2027 жылдан бастап техникалық тексерістен өту керек болады. Өтпеген көліктер нормаға сәйкес келмейді деп саналып, оларға айыппұл салынады. Біз қағида бойынша 324-бапты әкімшілік жаза ретінде қолданатын боламыз. Ол жерде бірінші реттік жазалану 10 АЕК жеке тұлғаға, екінші реттік 20 АЕК және де мемлекеттік көлік нөмірлерін тәркілеу болып есептелінеді», – деді «Eco Almaty» ЖШС директорының орынбасары Айдана Қасен.
Оқи отырыңыз: Еңбек министрлігі азаматтық-құқықтық шартты қайтаруы мүмкін