Іс-шара Алмалы аудандық комьюнити-орталығында ұйымдастырылды
Алматыда жастар арасында ысырапшылдықтың алдын алуға бағытталған интерактивті квиз-ойын мен тренинг өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Іс-шара Алмалы аудандық комьюнити-орталығында ұйымдастырылды. Кездесудің басты мақсаты – үнемді тұтыну мәдениетін қалыптастырып, ресурстарға саналы көзқарасты арттыру. Қатысушылар күнделікті өмірдегі артық шығын, тамақ пен уақыт ысырабы, энергия мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану секілді тақырыптарды талқылады. Тренинг барысында жастар өз ойын ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат жастарды жауапты өмір салтына бейімдеп, қоғамдағы үнемдеу мәдениетін күшейтуге мүмкіндік бермек.
«Қазіргі таңда жастардың арасында үнемшілдік шектеу емес, керісінше саналы көзқарас. Сонымен қатар кемелдіктің белгісі, көрсеткіші екенін жастардың арасында тарату аса маңызды деп сенеміз. Сонымен қатар жастарымызға саналы түрде болашағымызға әсер ететін мәдениет екенін түсіндіру», – деді ұйымдастырушы Бағдат Анарбай.
Тренинг үш бағыт бойынша өтті. Олар - «Үнем», «Сана» және «Мәдениет». Қатысушылар тақырыптық карточкалар арқылы түрлі жағдайларды талдап, ысырапшылдықтың алдын алу жолдарын бірге іздеді. Әсіресе жастар арасында тұтыну әдетін қайта қарау, қажетсіз шығыннан бас тарту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелері кеңінен қозғалды. Квиз-ойын форматы кездесуді еркін әрі әсерлі өткізуге мүмкіндік берді. Іс-шара соңында қатысушылар ысырапшылдыққа қарсы жеке уәдесін айтып, жастардың бастамасына қосылды. Мамандардың «мұндай жобалар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, қоғамда саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға жол ашады» дейді.
«Бүгін бірінші рет квиз-ойынына қатысып отырмын. Қазіргі таңда жастарға өте маңызды тақырыптың бірі. Бұл жерде суды, электр қуатын үнемдеу, одан басқа да ысырапшылдық әдетін қалыптастыру үшін идеологиялық жұмыстар жасалып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, Алматы қаласындағы Жоғары оқу орындарында, колледждерде жастарға ысырапшылдықты, үнемдеуді дұрыс пайдалану мақсатында осындай кездесулер мен квиз-ойындарын жалғастырамыз деп отыр», – деді қатысушы Айдар Күнтубай.
Оқи отырыңыз: Әлем қырандары: Алматыда бильярдтан халықаралық турнир басталды