Биыл бастауыш сынып оқушыларының білімін қалай бағалайды

17.08.2026 19:58

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сынып оқушыларының білімін бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі

Almaty.tv (мұрағат)

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сынып оқушыларының білімін бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі. Бұл ретте критериалды бағалау жүйесі сақталады, ал 1-сыныптарда бағалау тәртібі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Оның айтуынша, бұған дейін оқушылардың оқу жетістіктері формативтік және жиынтық бағалау арқылы анықталған. Жиынтық бағалау бөлім бойынша және тоқсан бойынша бағалауды қамтыған. Жаңа тәсілде формативтік бағалау сақталып, оның тоқсандық қорытынды бағадағы үлесі артады. Бұған дейін оның үлесі 25% болса, енді 50%-ға дейін көбейеді.

"Бұған дейін тоқсандық бағаны шығару кезінде оқушының күнделікті сабақта алған формативтік бағалары жалпы нәтиженің 25 пайызын құрайтын. Енді бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін артады. Яғни тоқсандық бағаның жартысы оқушының тоқсан бойындағы күнделікті сабақтағы оқу нәтижесі негізінде қалыптасады", – деді Шынар Ақпарова.

Вице-министрдің айтуынша, бұл өзгеріс оқушының сабақтағы тұрақты еңбегін, тапсырмаларды орындауын және оқу мақсаттарын меңгеру деңгейін қорытынды бағалауда көбірек ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Жаңа тәртіпке сәйкес, педагог тоқсан ішінде әр пән бойынша әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30%-ында бағалауы тиіс.

"Мысалы, тоқсанда пән бойынша 30 сабақ өткізілсе, әр оқушы кемінде 9 сабақта формативтік балл алуы тиіс. Бұл – бағалаудың ең төменгі жиілігі. Педагог оқушыны одан да жиі бағалай алады", – деді ол.

Бірінші вице-министр бұл талап оқушының біліміндегі ілгерілеуді жүйелі бақылауға және оның күнделікті еңбегін бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Жаңа дәуір мұғалімі: Қазақстандағы білім беру қалай өзгеріп жатыр
 

Толық көрсету