Жаңа дәуір мұғалімі: Қазақстандағы білім беру қалай өзгеріп жатыр

Almaty TV
Almaty TV

Жасанды интеллект және жаңа мүмкіндіктер

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV телеарнасы педагог мамандығының трансформациясы мен білім беру саласындағы заманауи үрдістерге арналған «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымын ұсынады. Бағдарламада педагог мәртебесін арттыру, кәсіби даму, қолдау шаралары және жасанды интеллекттің білім беру үдерісіне әсері сөз болады.

Бүгінде Қазақстанның білім беру жүйесінде шамамен 600 мың педагог еңбек етеді: олардың 420 мыңнан астамы мектептерде, 100 мыңнан астамы балабақшаларда, ал 43 мыңға жуығы колледждерде жұмыс істейді. Тек өткен оқу жылының өзінде бұл мамандыққа 10 мыңнан астам жас мұғалім келген. Сонымен қатар педагогтің рөлі де өзгеруде — енді ол тек білім беруші емес, оқушыға ақпарат ағынында бағыт-бағдар көрсететін, сыни ойлау қабілетін дамытатын және өз бетінше шешім қабылдауға үйрететін тәлімгерге айналуда.

Бағдарламаның негізгі тақырыптарының бірі — педагог мәртебесін көтеру және әкімшілік жүктемені азайту. Бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, мұғалімдердің кәсіби құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен қорғаныс тетіктерін бекіткен болатын. Ал биылғы жылдың 12 маусымында Президент педагогтердің мәртебесін одан әрі нығайтатын заңға қол қойды.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Набира Марбанованың айтуынша, қабылданып жатқан өзгерістердің басты мақсаты — мұғалімнің негізгі қызметіне, яғни балаларды оқыту мен тәрбиелеуге толық көңіл бөлуіне мүмкіндік жасау.

«Заң бойынша педагогтерден заңнамада көзделмеген есептер мен өзге де ақпараттарды талап етуге, сондай-ақ бір құжатты қағаз және электронды форматта қатар жүргізуге тыйым салынған. Сонымен қатар педагогтерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ іс-шараларға тартуға жол берілмейді», – дейді Набира Марбанова.

Сонымен қатар мемлекет педагогтердің кәсіби дамуына инвестиция салуды жалғастыруда. Соңғы бес жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Бүгінде 500 мыңнан астам педагог тұрақты үстемақы алады: педагог-модераторларға — 30%-ға дейін, ал педагог-шеберлерге — 50%-ға дейін. Біліктілікті арттыру жүйесі де жаңаруда: бірыңғай бағдарламалардың орнына әр мұғалімнің нақты кәсіби қажеттіліктерін ескеретін дербестендірілген модель енгізілуде. Жыл басынан бері мұндай курстардан 91 мыңнан астам педагог өткен.

Бұл өзгерістердің мектеп деңгейінде қалай жүзеге асып жатқанын Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры Эльмира Бидайбекова айтып берді. Оның сөзінше, қазіргі мұғалім оқушылардың сұранысы мен заман талабына сай болу үшін өзі де үздіксіз білім алып отыруы қажет.

Гимназияда халықаралық білім беру стандарттарына ерекше көңіл бөлінеді. Білім ордасындағы педагогтердің 80 пайызы халықаралық сертификаттарға ие және тұрақты түрде кәсіби даярлықтан өтеді.

«Біздің басты жетістіктеріміздің бірі – биыл Алматыдағы Халықаралық бакалавриат (IB) стандарттары бойынша білім беруге мүмкіндік беретін мәртебеге ие болған бес мектептің қатарына қосылдық. Бұл – әлем мойындаған білім беру деңгейі», – дейді Эльмира Бидайбекова.

Алайда бүгінде бүкіл әлемдегі мектептер үшін ең үлкен сын-қатердің бірі — жасанды интеллект. Бұрын оқушы сұрақтың жауабын оқулықтан іздесе немесе мұғалімнен сұраса, қазір кез келген ақпаратты бірнеше секунд ішінде нейрожелілер арқылы алуға болады. Бұл білім беру жүйесін тек оқыту әдістерін ғана емес, жалпы білім беру тәсілін қайта қарауға мәжбүрлеуде.

TALIS-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, педагогтердің 62 пайыздан астамы жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту кәсіби өсудің ең өзекті бағыты деп санайды.

Цифрлық білім беру платформасының негізін қалаушы, сарапшы Нұрлан Қиясов жаңа технологиялардың оқытуды жекелендіруде және мұғалімнің уақытын оқушымен тікелей жұмыс істеуге бағыттауда үлкен мүмкіндігі бар екенін айтады.

«Жасанды интеллект — білім беру жүйесі үшін, әсіресе Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Дұрыс қолданылған жағдайда ол оқытуды жекелендіруге көмектеседі, педагогтердің уақытын үнемдеп, балалармен тікелей жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды», – дейді сарапшы.

Білім беру жүйесіндегі өзгерістер бүгінде нақты нәтижелерін көрсетуде. Соңғы бес жылда педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы екі есеге өсті, жастардың бұл мамандыққа қызығушылығы артты. Халықаралық зерттеулер де оң динамиканы көрсетіп отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының TALIS-2024 зерттеуіне сәйкес, Қазақстан педагогтердің еңбегі қоғам тарапынан жоғары бағаланатын елдер арасында екінші орынға, ал мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша үздік бестікке енді.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Жаңа буын мұғалімдерін даярлау – ерекше маңызды міндет», – деп атап өткен болатын.

Бүгінде педагог мамандығы жаңа кезеңге қадам басты. Мұғалімнен өз пәнін терең меңгерумен қатар, үздіксіз білім алу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын игеру, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту және оларға бағыт-бағдар беретін тәлімгер болу талап етіледі. Ал мемлекет өз кезегінде кәсіби өсуге жағдай жасап, педагог мәртебесін көтеріп, әкімшілік жүктемені азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Дәл осы — білікті педагог, заманауи технологиялар және мемлекеттік қолдау үйлесімі Қазақстандағы білім беру жүйесінің болашақтағы дамуының негізіне айналып отыр.

Оқи отырыңыз: Бала тағдырына оң әсер ететін шешімдер қандай – «Әділдік алаңының» жаңа шығарылымы