1 шілдеден бастап Қазақстанда тауарлық газдың бағасы 33 пайызға дейін өсуі мүмкін
1 шілдеден бастап Қазақстанда тауарлық газдың бағасы 33 пайызға дейін өсуі мүмкін. Жауапты сала өкілдерінің айтуынша, тарифтің қымбаттауы алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу және газ инфрақұрылымын жаңғырту қажеттілігімен байланысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Айта кетейік, елімізде 13 миллионнан астам адам табиғи газға қол жеткізген. Бұл республика халқының 64,2 пайызы. Газдандыру деңгейі бойынша батыс өңірлер, Жамбыл облысы, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалалары алдыңғы қатарда. Аталған аймақтарда халықтың 90 пайыздан астамы табиғи газбен қамтылған. Ал Алматы, Қызылорда, Түркістан, Қостанай және Жетісу облыстарында газдандыру көрсеткіші 60 пен 90 пайыз аралығында.
Сонымен қатар Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында бұл деңгей салыстырмалы түрде төмен. Аталған өңірлерде тұрғындардың шамамен 60 проценті ғана табиғи газ пайдаланып отыр.
«Биыл республикалық бюджеттен газ тасымалдау жүйесін дамытуға бөлінген 27,3 млрд теңгені ескере отырып, газдандыру деңгейін 64,3%-ға дейін жеткізу немесе 32 мың адамның баспанасын табиғи газға қосу жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауарлық газ тұтыну көлемі 21,3 млрд текше метрді құрады. Биыл тұтыну болжамы 22,3 млрд текше метр газ», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.
Газ саласындағы өзекті мәселелердің бірі импортқа деген сұраныстың әлі де жоғары болуында. Мәселен, өткен жылы Ресейден шамамен 4,5 млрд текше метр газ жеткізілген. Мамандардың айтуынша, биыл бұл көлем одан әрі артуы мүмкін. Импортталатын газдың басым бөлігі мұнай-газ саласының өндірістік қажеттіліктеріне пайдаланылады. Жауапты ведомство өкілдері мұндай жағдайдың негізгі себептерін түсіндірді.
«Екі маңызды мәселе бар. Біріншіден, газ қорының көлемін арттыру үшін геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жер қойнауын пайдалану саласындағы жобаларды дамыту қажет. Екіншіден, өзіміздің газ өңдеу зауыттарымызды салу керек. Елді және халықты көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету үшін бұл саланы инвесторлар үшін тартымды етуіміз қажет. Сонда ғана жаңа жобаларға қаржы тартылып, газ өндірісі мен өңдеу көлемі артады», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды