Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қосымша 10 мың шақырымды жөндеуді тапсырған
Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөнделеді. Оның екі мыңы республикалық болса, 6 мыңнан астамы облыс орталықтарын байланыстырады. Ал 4 мыңнан астамы жергілікті жолдар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еске салайық, былтыр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қосымша 10 мың шақырымды жөндеуді тапсырған.
Автокөлік жолдары – экономиканың күретамыры. Президент дәл осы мәселе аясында бірнеше мәрте Үкіметке нақты тапсырма берген. Ал Марат Қарабаев «Мемлекет басшысы жүктеген міндетті сапалы әрі уақытылы орындауға күш салып келеміз» дейді. Мәселен былтырғы жолдауда Астана-Алматы, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жөндеу керек екені айтылған. Аталған ірі жобалар уақытылы іске қосылған. Одан бөлек, жұрт жүретін 10 мың шақырым трассаның да жай-күйін реттеу тапсырылған. Көлік министрі былтыр 4 мың шақырымды жөндеуді бастап кетсе, биыл 6 мыңын қолға алмақ. Соның ішінде 4 мың шақырымды толық іске қосамыз деп отыр. Сондай-ақ биыл Көкше төрінде берген тапсырма бойынша да жұмыс басталған.
«Биыл Құрылтайда өте өзекті мәселе айтылды. Астанадан Арқалық арқылы, ары қарай Торғайдан Ырғызға шығатын жаңа жолдың құрылысын басталды. Қазір сол учаскелердің басында тиісті мамандар техникалық-экономикалық негіздемесін және жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр. Қаржы көзін іздеп жатырмыз. Біздің мақсат – жуырда құрылыс жұмыстарына кірісу», – деді ҚР көлік министрі Марат Қарабаев.
Президент былтыр Атырауда өткен Құрылтайда да Үкіметке 10 мың шақырым жолды жөндеу туралы міндет жүктеген. Марат Қарабаев тапсырма да уақытылы орындалып жатқанын айтты. Мәселен былтыр 5 мың шақырымды жөндеу жұмыстары басталып, мың шақырымы пайдалануға берілген. Биылғы меже 6 мың километрден асады. Жолға жауапты министрдің жоспары бойынша, 2035 жылға дейін ел бойынша шамамен 6 мың шақырым жол қайта жөнделмек. Министрді мұқият тыңдаған депутаттар саладағы кемшіліктерді де жіпке тізіп берген еді. Әлібек Нәутиев ведомство басшысының жергілікті жолдардың 89 пайызы нормативтік деңгейге сай деген ақпаратына күмәнмен қарайды.
2023-2024 жылдары бір мезгілде іске асырылып жатқан бес объектіде әрі еліміздің әртүрлі өңірлерінде 130-дан астам факт анықталды. Нәтижесінде мұндай нысандардағы сапасыз материалдарды пайдалану және технологияларды сақтамау жағдайлары тіркелген», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Әлібек Нәутиев.
Саладағы өзекті мәселенің бірі битумның жетіспеуі. Елімізде оны өндіретін 4 зауыт бар. Бұл өндіріс орындары қажетті сұранысты қанағаттандыра алмай отыр.
«Маусымдық ауытқуды тегістеудің бір шешетін жолы – битум қоймаларын салу деген мәселе. БҚО-ның әкімі баяндамасында бір битум қоймасы салынатынын айтты. Иә, көңілді көншітетін мәселе. Бірақ бір қойма республикадағы мәселені шеше алмайтын сияқты», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров
Жол саласында түрлі мәселе де бар. Көлік министрі оны жасырмайды. Марат Қарабаевқа «еліміздегі жолдардың жай-күйін қалай бағалайсыз» деп сауал тастадық. «Жолдың жағдайы жақсы» деген министр «жалпылама баға беруге болмайды, жеке-жекеге тоқталу керек» деп қысқа қайырды. Бір анығы, аталған ведомство Президент тапсырмасын уақытылы жүзеге асыруды жалғастыра бермек.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Омар, Астана
Оқи отырыңыз: 2025 жылы Қазақстанда жаңа ақылы жолдар қосылады